Malim.kz
Білім-ғылым

Елімізде қазақ тіліндегі алғашқы IQ тест жасалды

Арман Қайыпхан
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Қазақстанда алғаш рет ұлттық интеллектіні өлшейтін платформа жасалды, деп хабарлайды Malim.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«IQ Test Center» деп аталатын жобаны Ш. Есенов атындағы университеттің аға оқытушысы, PhD докторант Бақтыбай Жайлауов әзірлеген.

Автордың айтуынша, бұл жүйе – қазақ тілінде жасалған, ұлттық ойлау мен мәдени ерекшелікті ескеретін алғашқы интеллектуалдық экожүйе.

Бақтыбай Сәрсенбайұлының айтуынша, «IQ Test Center» жобасының мақсаты – қазақ тілінде ойлайтындар үшін интеллектуалдық дербестік құру.

«IQ ұғымы әуелден еуроамерикалық кеңістіктің өнімі. Бірақ біз өз менталитетімізге сай ақыл-ойды бағалау жүйесін қалыптастыруымыз керек. Бұл тек тест емес, бұл – интеллектуалды экожүйе. Біз балл беріп қана қоймай, талдау жасап, кеңес ұсынамыз. Нәтижесінде білім ұйымдарына немесе өңірлік басқармаларға нақты индикатор бере аламыз», – дейді жоба авторы.

Платформа қазіргі таңда 15 жастан асқан қолданушыларға арналған. Алдағы уақытта мектеп оқушыларына, мемлекеттік қызметшілерге және кәсіби салаларға бейімделген нұсқалары әзірленеді.

«Біздің мақсат – интеллектуалдық тәуелсіздікке қадам жасау. Шетелдік тесттер біздің мәдениет пен тілді ескермейді. Ал біз өз ойлау мәдениетімізді қалыптастыратын жүйе ұсынып отырмыз. Big Data мен жасанды интеллект көмегімен әр адамның ақыл-ой траекториясын талдауға болады», – дейді Жайлауов.

Жоба бүгінде жұмыс істейтін MVP-нұсқасын іске қосқан. Пайдаланушылар өз нәтижесін аймақ, жас және сала бойынша салыстыра алады. Автордың айтуынша, алдағы уақытта жүйені кеңейтіп, Astana Hub пен басқа инновациялық бағдарламалар аясында дамыту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, «IQ Test Center» тек IQ көрсеткішін ғана емес, эмоциялық интеллект (EQ), креативті ойлау, мамандыққа бейімділік пен тұлғалық қабілетті де бағалай алады.

«Мемлекет басшысы ғылымның өмірге әсер етуі керек деген еді. Біз дәл осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ұлттың интеллектуалдық иммунитетін күшейту – біздің ғылыми миссиямыз», – дейді Бақтыбай Сәрсенбайұлы.

Оның сөзінше, болашақта әр мектеп пен университетте, тіпті жұмыс орнында да IQ паспорты қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін.

«Біз сол жүйенің алғашқы іргетасын қалап отырмыз», – деді жоба авторы.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары