Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынның басты тақырыбы қызылшаның таралуын тежеу және халықты жоспарлы вакцинациямен қамту деңгейін арттыру болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталған. Мәселен, қызылшаға шалдығу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 85 пайызға төмендеген. Дегенмен, жыл басынан бері республика бойынша аурудың 1 951 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіштері Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарында байқалып отыр. Мамандардың айтуынша, ауруға шалдыққандардың басым бөлігі — бес жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар. Бұл ретте ата-аналардың екпеден бас тартуы басты себептердің бірі ретінде аталды.
Кеңес барысында профилактикалық екпемен қамту деңгейі төмен өңірлердің, әсіресе Маңғыстау облысының жұмысы қатаң сынға алынды. Бұл аймақта вакцинацияның барлық түрі бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмай отыр, бұл инфекцияның таралу қаупін күшейтеді. Аида Балаева өңірлік штабтарға жағдайды күн сайын талдап отыруды тапсырып, жергілікті жерлердегі басшылардың жеке жауапкершілігіне тоқталды.
Жиын қорытындысы бойынша Вице-премьер халық арасында иммундаудың маңыздылығы жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды жүктеді. Ең алдымен Маңғыстау облысында және сырқаттанушылық жоғары өңірлерде медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі жұмысты жүйелеу қажеттігі атап өтілді.