Қазақстанда шаштараз бен сұлулық салондарындағы қызмет құны күрт өсті. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 40,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе артты, деп хабарлайды Malim.kz Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап.
2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында нарық көлемі 17,7 миллиард теңге болса, 2024 жылы 18,7 миллиард теңгеге жеткен.
Соңғы он жылдағы өзгеріске зер салайық, 2016 жылдың бірінші тоқсанында шаштараздар мен сұлулық салондары 5,9 миллиард теңгеге қызмет көрсетсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 7 есеге артқан.
Негізгі өсім қалаларда байқалды. Ауылдық жерлерде де қызмет көлемі ұлғайғанымен, 1,3 миллиард теңгеден 1,5 миллиард теңгеге дейін ғана өскен. Дегенмен ауылдың нарықтағы үлесі 7,6%-дан 3,7%-ға дейін қысқарған.
Сонымен қатар сұлулық индустриясындағы қызмет бағасы да өсіп келеді. Сарапшылардың мәліметінше, олар 54 ай қатарынан қымбаттап отыр. 2026 жылдың мамыр айында шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметі өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 15,2%-ға қымбаттаған.
Ең жоғары баға өсімі Атырау облысында тіркелді. Бір жылда 38,4%-ға артқан. Сондай-ақ қызмет құны Алматы облысында (22,2%) және Ақтөбе облысында (20,1%) айтарлықтай өскен. Ең төмен өсім Ақмола облысында байқалды – 3,7%.
Байланыс қымбаттап, көлік арзандаған: Мамыр айында Қазақстандағы баға өзгерісі қандай болдыОқыңыз
Ең жылдам қымбаттап жатқаны – ерлердің шашын қию қызметі. Бір жылда оның бағасы 17,2%-ға өскен. Әйелдердің шашын қию қызметі 16%-ға, маникюр 12,7%-ға, педикюр 8,9%-ға қымбаттаған.
Қазақстан бойынша әйелдердің шашын қию қызметінің орташа бағасы мамыр айында 4,8 мың теңге, ал ерлердікі 3,4 мың теңге болды.
Ірі қалалар ішінде ең жоғары баға Алматыда тіркелген: мұнда әйелдер шаш қиюы орта есеппен 7,4 мың теңге, ерлердікі 5,4 мың теңге тұрады.
Ең арзан әйелдер шаш қиюы Семей мен Түркістан қалаларында байқалған, шамамен 2,9 мың теңге. Ал Қызылордада ерлер ең арзанға шаш қидыра алады. Ондағы қызмет құны шамамен 2,2 мың теңге.