Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымға ауқымды тексеріледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Тексеру барысында инфекциялық бақылау талаптарының сақталуы қадағаланып, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға басымдық беріледі.
«Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар министр инфекция жағдайларын тергеу тәсілдерін жаңартуды, профилактикалық шараларды күшейтуді, медицина қызметкерлерін жүйелі оқытуды және антибиотиктерді тек рецепт арқылы босатуға бақылауды күшейтуді тапсырды.
Тексеру қорытындысы бойынша әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған жол карталары әзірленеді.