Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан телеарнасының "Бас тақырып" бағдарламасына берген сұхбатында мектептерге бақылау камераларын орнату мәселесіне қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Министр Мемлекет басшысының биылғы Тамыз конференциясында айтқан "Мұғалім – мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқаратын тұлға, оның қоғамдағы орны ең жоғары деңгейде болуға тиіс" деген сөзін еске салды. Сондай-ақ Президенттің мектептен тыс жерде болған жағдайлар үшін педагогтерді жауапқа тарту дұрыс емес екенін атап өткенін жеткізді.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, келесі жылы педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бастамалар ұстаздардың құқықтық мәртебесін нығайтуға бағытталмақ. Сонымен қатар министр сыныптарға бейнебақылау камераларын орнату мәселесіне де тоқталды.
"Ал, сыныптарға камера орнату мәселесіне келсек, білім беру ортасы білім мен тәрбиенің, сенім мен ашық пікір алмасудың кеңістігі болуға тиіс. Сапалы білім және тәрбие сенімділік атмосферасында ғана мүмкін. Мектепте мұғалім де, оқушы да өздерін қауіпсіз және еркін сезінуі өзекті. Қауіпсіздік үшін камералар мектептің кіреберісінде, дәліздерде, ортақ аумақтарда болуы қажет. Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауға тиіс деп санаймын", – дейді министр.