Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев ата-аналар ақшасын алғанымен, сапалы қызмет көрсетпейтін жекеменшік оқу орталықтарына байланысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, Tesla Education орталығының жүйесіз жұмысы салдарынан шамамен 3000 адам зардап шегіп, 1 млрд теңгеден астам қаражатын қайтара алмай отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат министрліктен мұндай орталықтардың қызметін реттеу тетіктерін күшейту жөнінде қандай шаралар жоспарланып жатқанын сұрады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мемлекет жекеменшік орталықтардың жұмысына тікелей араласа алмайтынын мәлімдеді.
"Мұндай қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы Кәсіпкерлік Кодексінің аясында реттеледі. Оған оқу ағарту министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың ешқандай қатысы жоқ. Бұл ата-аналармен осы жекеменшік орталықтар арасындағы азаматтық құқықтық қатынастарға сәйкестендіріледі. Бірақ ата аналарымыздың жанайқайын естігендіктен Білім туралы заңға, Кәсіпкерлік туралы кодекске алаяқтықты болдырмауға байланысты заң нормаларды қарастыруды бастадық", – деді ол.
Айта кетейік, қараша айында Алматы мен Астана қалаларында жүздеген ата-ана Tesla Education орталығына шағым түсірген. Олардың айтуынша, орталық білім сапасын қамтамасыз етпеген, ал төлемді қайтарудан бас тартқан. Бұл факті бойынша Алматы полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған.