Malim.kz
Оқиға

Еліміздің үш қаласында жүргізушісіз көліктер сынақтан өткізіледі

Айбын Атабай
depositphotos.com

Елімізде жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізуге рұқсат берілді. Енді жаңа ережеге сәйкес, Астана, Алматы және Қосшы қалаларында  көліктер арнайы маршруттар мен полигондарда сынақтан өтеді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Шартты және жоғары деңгейдегі автоматтандырылған басқаруы бар автокөлік құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын бекіту туралы" ережені бекітті. Құжатта мұндай көліктерді пайдалану тәртібі мен қауіпсіздік талаптары көрсетілген.

“Пилоттық жобаға қатысушыларға, көлік құралдарына, оларды пайдалануға жіберу шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктеріне қойылатын талаптарды белгілейді. Пилоттық жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Қосшы қалаларының аумағында іске асырылады. Автономды көліктерді сынақтан өткізу арнайы полигондарда, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының белгілі бір маршруттарында жүргізіледі”, – делінген хабарламада. 

Ережеде көліктердің автоматтандыру деңгейіне қарай талаптар бөлінген. Кейбір көліктерде жүргізуші кез келген сәтте басқаруға дайын болуы керек. Ал толық автоматтандырылған көліктерді жүргізушісіз пайдалануға болады, бірақ оларды қашықтан бақылайтын оператор болады.

Құжатта пайдалану қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптар да белгіленген. Автономды көлік:

құралдары деректерді тіркеу жүйелерімен;

бейнебақылау құралдарымен;

автоматтандырылған басқару жүйесін авариялық түрде ажырату тетіктерімен;

"Автономды басқару" арнайы таңбалауымен;

бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысына сырттан араласудан қорғау механизмдерімен жабдықталуы тиіс.

Құжатта автономды көліктердің жолаушы тасымалдауда қолданылу тәртібі, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда әрекет ету және жауапкершілік талаптары көрсетілген. Сондай-ақ мұндай көліктерді такси ретінде пайдалануға қойылатын ережелер де белгіленген.

"Пилоттық жобаны іске асыру автономды көлік технологияларын нақты жағдайларда сынақтан өткізуге, құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға, қолданыстағы реттеу тетіктерінің тиімділігін бағалауға және Қазақстан Республикасында автономды көлік саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға мүмкіндік береді", – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

Бірлескен бұйрықтың ресми мәтіні бес жұмыс күні ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары