Қазақстан халқын тұтастырушы, бір тудың астына біріктіруші маңызды құжат – Конституция. Татулық, еркіндік мұраттарын сезінетін азаматтық қоғам құру да аталмыш құндылықтан бастау алары айқын. Осы мақсатта Астанада алғаш рет Ата заң күніне орай ауқымды шара өтті. Қаладағы «Отан қорғаушылар» монументі алдында ұйымдастырылған флешмобқа 300-ден астам ардагер қатысты. Көпшілікті бірлікке, елдікке ұйыстыратын басқосуға Алматы ауданының ардагерлер кеңесі мұрындық болған. Жалпы ауданда 30 мың ардагер бар.
Алматы ауданы ардагерлер кеңесі төрағасы Марат Мұстафиннің айтуынша, бұл шара Конституциямыздың мықты қоғам, озық мемлекет құру жолындағы маңызын сезінуге арналып отыр.
«Өткен жылы референдумда барша халық, оның ішінде ардагерлеріміздің де белсенділігімен Ата заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгеріс енгіздік. Бұл заң Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен әділетті Қазақстан құруға, елде демократия негіздерін орнықтыруға бағытталған. Маңызды іске ардагерлеріміз қомақты үлес қосты. Бүгінгі шара Конституциямызды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бізді қуантатыны - 70-80 жастағы қариялардың белсенділігі»,- дейді М.Мұстафин.
«Ата Заңда жас ұрпақты тәрбиелейтін маңызды заңдар қамтылған. Біз соны қолдауға тиіспіз. Ардагерлер үшін де Үкіметіміз көп қолдау білдіріп жатыр. Жолақымыз тегін, демалымыз тегін. Енді біз Үкіметке қол соза бермей, соңымызға із қалдырар игі іс жасауымыз керек. Міне, бүгін жас ұрпаққа үлгі болсын деп мәні терең іс-шара өткізудеміз. Мемлекетіміз мығым, еліміз бейбіт болсын!» - дейді.
Ата Заңымызда биліктің қайнар, бастауында халық тұратыны мәлім. Қазыналы қариялардың бір жерге жиылып, бір арнада тоғысуы мызғымас бірлік пен сөзі мен ісі үйлесетін бұқараның қалыптасқанының дәлеліндей.