Қызылорда қаласының №2 соты сотталушының медицина қызметкерінің денсаулығына қасақана жеңіл түрде зиян келтіргеніне байланысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс құжаттарына қарағанда, жәбірленуші дәрігерлік амбулаториядағы кабинетінде науқас қабылдап отырған.
Ол осы кезде кабинетке кіріп келіп, жанжал шығарған. Жәбірленуші кезекпен кіруді талап еткен уақытта сотталушы оның жағасынан ұстап, жұдырығымен соққы жасап, денсаулығына жеңіл түрде зиян келтірген, - делінген хабарламада.
Сот отырысының қорытындысына сәйкес, сотталушы Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.