Malim.kz
Білім-ғылым

Енді 50 жастан асқан азаматтар мектеп күзетшісі бола алмайды

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Қазақстандағы білім беру ұйымдарында күзет қызметін ұйымдастыруға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Министрдің айтуынша, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейін күшейту мақсатында күзет қызметтерін сатып алуға арналған үлгілік конкурстық құжаттама бекітілген. Құжатта күзет компанияларына да, олардың қызметкерлеріне де нақты біліктілік талаптары белгіленген.

Жаңа талаптарға сәйкес, білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін күзетшілердің жасы 25 пен 50 жас аралығында болуы тиіс. Сонымен қатар оларда дене дайындығы мен арнайы кәсіби даярлық болуы міндетті. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарға қатысты өтелген немесе өтелмеген соттылығы бар адамдардың мұндай қызметке қабылдануына жол берілмейді.

Күзет ұйымдарының өздеріне де бірқатар талаптар қойылады. Мәселен, компанияның білім беру мекемесі орналасқан өңірде кеңсе үй-жайы болуы, кемінде екі жедел әрекет ету тобының жұмыс істеуі, сондай-ақ радиобайланыс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Аида Балаеваның мәліметінше, қазіргі таңда лицензияланған күзет қызметі білім беру ұйымдарының 100 пайызында енгізілген. Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда келушілерді бақылау және тыйым салынған заттарды кіргізбеу арнайы өткізу режимі алгоритмі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте күзетшілер тексеру құралдарын пайдаланады.

Сонымен қатар, ішкі істер органдары білім беру саласының құрылымдарымен бірлесіп, осы талаптардың орындалуын тоқсан сайын бақылап, тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.

Білім беру нысандарының терроризмге қарсы қауіпсіздігін күшейту мақсатында оқушылар мен педагогтер үшін төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелеріне арналған теориялық және практикалық сабақтар да ұйымдастырылады. Мұндай оқу-жаттығулар жылына кемінде екі рет өткізіліп, оған тиісті уәкілетті органдар да қатысады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары