Malim.kz
Шоу-бизнес

"Енді даусыңды ести алмаймын": KeshYOU тобының бұрынғы әншісі Анель Аринова қара жамылды

• Мадина Ізекен
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

KeshYOU тобының бұрынғы әншісі Анель Аринованың әкесі өмірден өтті. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің әкесі, белгілі нейрохирург Ғали Бабашұлы Аринов 24 қарашада 76 жасында дүниеден өткен. Анель Аринова Instagram парақшасында әкесінің суреттерінен бейнежазба жариялап, онымен қоштасқан.

"Бұрынғыдай жаныңда болмайтынын түсіну қандай қорқынышты... Енді саған жай ғана қоңырау шала алмайтынымды, даусыңды естімейтінімді, жаңалықтарымды айтып, ақыл сұрай алмайтынымды... Бірге күле алмайтынымызды ұғыну қандай ауыр...

Әке, мен бұған ешқашан үйрене алмайтынымды білемін... Енді бәрі басқаша болады...

Барлығы үшін рақмет, әкетайым. Өмірің үшін, махаббатың үшін, артыңда қалдырған бар жақсылығың үшін алғыс айтамын. Сені жақсы көремін. Әрқашан жақсы көретін боламын", – деп жазды әнші.

Өнер иесі Instagram сторисінде әкесінің үйде жүрген сәтінен түсірілген бейнежазбаны да жариялаған. Онда Ғали Ариновтың бөлмеде жүргені көрінеді. Анель бұл кадрға да сағынышқа толы сөздерін арнаған.

"Әке, енді бәрі басқаша болатынына көндігу қандай қиын...", – деген ол.

Үш апта бұрын әкесін туған күнімен құттықтаған

Айта кетейік, Анель Аринова 3 қарашада әкесінің 76 жасқа толған туған күніне орай Instagram парақшасында арнайы жазба жариялаған. Ол әкесінің 16 жыл бойы денсаулығы үшін күресіп келе жатқанын айтып, оның қайсарлығы мен мамандығына адалдығын ерекше атап өткен.

"Әке, біз мұны бірге еңсердік! Міне, 16 жыл қатарынан сен күресіп, алға ұмтылып, жыл сайын қаншалықты мықты адам екеніңді дәлелдеп келесің.

Дәрігерлердің өзі кейде сенің күшіңе сенбей, жасыңды ескергенімен, сен өз өміріңмен нағыз рух күшінің жасқа қарамайтынын көрсетіп келесің.

Өзің де Құдай берген дәрігерсің! Осы жылдар ішінде қаншама адамның өмірін сақтап қалдың, қаншама жанға екінші мүмкіндік сыйладың... Менің ең үздік нейрохирургім – Аринов Ғали Бабашұлы!" – деп жазған әнші.

Анель сол жазбасында әкесінің кәсіби біліктілігін, мінезін және ешқашан берілмейтін қасиетін мақтан тұтатынын жеткізген.

"Әкетайым, сен менің қаһарманымсың! Сенің қызың болғанымды мақтан тұтамын. Мінезіңді, қайсарлығыңды, кәсібилігіңді және ешқашан берілмейтініңді мақтан етемін.

Саған зор денсаулық, күш-қуат, жаңа мақсаттар, барлық арманыңның орындалуын және ортамызда әлі талай бақытты жылдар өткізуді тілеймін!" – деген ол.

Әнші құттықтауының соңында әкесіне әзілдеп, жасына байланысты кейбір мақсаттарын қайта қарауға тура келетінін айтқан.

"Дегенмен, шынымды айтсам, кейбір мақсаттарды қайта қарауға тура келетін сияқты... Өкінішке қарай, көлік пен самокат енді бұл тізімге кірмейді!" – деп әзілдеген Анель.

Жазбасының соңында ол әкесіне деген сүйіспеншілігін білдіріп, туған күнімен құттықтаған. Алайда арада небәрі 21 күн өткенде, 24 қарашада Ғали Аринов дүниеден өтті.

Анель Аринова кім?

Анель Аринова – қазақстандық әнші, KeshYOU тобының алғашқы құрамында өнер көрсеткен орындаушылардың бірі. Ол 1981 жылы 4 мамырда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бала күнінен музыкаға қызығып, фортепиано сыныбында білім алған.

Әнші 2006 жылы KeshYOU тобына қабылданып, 2012 жылға дейін ұжым құрамында өнер көрсетті. Кейін жеке шығармашылық жолын таңдады. Топта болған кезеңде ол Мөлдір Әуелбекова, Зумрад Гараева және басқа да әншілермен бірге сахнаға шықты.

2013 жылы Анель Аринованың "Ғажайып" әніне түсірілген алғашқы жеке бейнебаяны жарық көрді. Сол жылы әнші EMA музыкалық жүлдесінде "Жыл дебюті" аталымын жеңіп алды. Кейін өнер иесі продюсерлікпен де айналысып, жас орындаушыларға арналған музыкалық жобаларды қолға алды. 2017 жылы өзінің қыздар тобын таныстырған.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары