Енді Денсаулық сақтау министрлігі апта сайын арнайы брифинг өткізіп, елдегі пандемия жағдайын айтып отырады. Бұл туралы ведомстваның ресми өкілі Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ айтқан «еститін мемлекет» тұжырымдамасын осылайша жүзеге асырмақ. Қазір COVID-19 инфекциясы өсуі тоқтапты. Сауыққандар 73 пайызға артқан екен. 2020 жылдың 13 наурыз айынан бері Қазақстанда 99 442 адам ауырып, оның 75 593-і жазылған екен.
«Карантин басталғалы бес апта өтті. Содан бері жедел жәрдем шақырушылар 65 пайызға азайған. 1-10 тамыз күндері аралығында 163 адам көз жұмды. Тағы бір жақсы жаңалық енді коронавирус жұқтырған адам дәріхана жағалап жүрмейді. Өз мекен-жайы арқылы тіркелген емханадан тегін дәрі-дәрмек алады», - деді Бағдат Қожахметов.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілінің айтуынша, Қазақстан COVID-19 инфекциясын жұқтырған мемлекеттер арасында 26 орында екен. Қазір «СК-Фармация» 40 мың адамды емдеу үшін бір айлық дәрі қорын дайындап қойған екен. Болуы мүмкін деген коронавирустың екінші толқынына 200 мың адамға арналған дәрі-дәрмек алу жоспарда бар екен. Қазір 340 мобильді бригада жұмыс жасауда.