Malim.kz
Құқық

Енді шетелдік әншілер Қазақстанға келіп концерт бере алмайды

Айбын Атабай
inbusiness.kz

Қазақстанда шетелдік әншілердің гастрольдік сапарларына қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Енді концерт ұйымдастыру бұрынғыдай билет сатудан емес, келісімшарт жасаудан басталады, ал мемлекеттік органдар әндердің мазмұнына назар аударады. Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, бұрын шетелдік әртістер Қазақстанның белгілі бір қаласына гастрольдік сапармен келген кезде, концерт өтетін алаңды тауып, ешқандай келісімшарт жасамастан билет сатуды бастап кететін. Билеттер сатыла бастаған соң ғана келісімшарт бекітіп, әкімдікпен және жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізетін. Ал әкімдіктер мен мәдениет министрлігі шетелдік әншінің Қазақстанда концерт бергенін көбіне әлеуметтік желіден білетін.

Кочетовтің пікірінше, мұндай практика дұрыс емес әрі әлемдік стандартқа сай келмейді.

«Енді механизм өзгереді. Гастрольдік тур аясында белгілі бір қалада концерт беруді жоспарлаған сәттен бастап, ең алдымен, келісімшарт жасалуы тиіс, тиісінше әкімдікпен жұмыс басталады. Біз де өз тарапымыздан осы құжаттарға назар аударамыз, жергілікті атқарушы органдарға көмектесеміз. Ал келісімшартта шетелдік әртіс үшін міндетті талаптар жазылады және ол оны бұзбауы керек. Бұл міндеттемелер, ең алдымен, орындалатын әндердің мазмұнына қатысты болады. Олар еліміздің ұлттық құрылымына нұқсан келтірмеуі керек, порнографияны немесе есірткіні насихаттамауы тиіс», – деп атап өтті Кочетов.

Егер әндердің мазмұнынан заңға қайшы контент анықталмаса, әртіс Қазақстанда өнер көрсетуге құқылы. Ал егер ән мәтіндерінде тыйым салынған тақырыптар болса, мемлекеттік органдар оларды орындамау жөнінде ұсыныс береді.

Айта кетері, бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Оған сәйкес, ұйымдастырушылар шетелдік әртістердің қатысуымен өтетін концерттер мен мәдени іс-шараларды кемінде 30 жұмыс күні бұрын алдын ала келісуі керек. Келісу тәртібін арнайы уәкілетті орган белгілейді. Егер тыйым салынған контент анықталса, бұл концертті өткізуге тыйым салуға немесе уақытша тоқтатуға негіз болады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары