Malim.kz
Шоу-бизнес

"Енді тек суретте ғана біргесің": Ерсай мен Олжас ажырасып кеткен бе?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Кәсіпкер Ерсайдың жұбайы Олжас Әлімбеков әлеуметтік желіде ажырасу туралы жазба жариялады. Ол екеуінің бірге түскен сәттерін бөлісіп, айырылысқаннан кейінгі сезімін жеткізген. Ал бұған дейінгі видеосында араларындағы келіспеушілікке не себеп болғанын өз тарапынан түсіндірген, деп хабарлайды Malim.kz.

Олжас Instagram парақшасындағы видеоға: "Бір кездері "мәңгі бірге боламыз" деген адаммен енді тек суретте ғана біргесің…" деген сөздерді қосқан.

"Ажырасқаннан кейін бәрі жақсы сияқты. Бірақ телефоныңдағы бір суретті көргенде, бүкіл әлемің қайтадан құлайды…" – деп жазған ол жарияланымның астына.

Видеода жұптың бір-бірін құшақтап отырған сәттері көрсетілген. Олжас жазбасында ажырасқанын айтқанымен, нақты қашан екіге кеткенін және некелерінің ресми түрде бұзылған-бұзылмағанын түсіндірмеген.

Олжас келіспеушілікке не себеп болғанын айтты

Бұған дейін жариялаған рилсінде Олжас Ерсайдың айналасындағы кейбір адамдарды отбасылық қарым-қатынастарына араласты деп айыптаған. Видеода ол Айя есімді әйелдің және өзге адамдардың әлеуметтік желідегі жазбаларын көрсеткен.

Олардың бірін Ерсайдың ең жақын құрбыларының бірі деп таныстырып, араларына іріткі салып жүргенін мәлімдеген.

"Осы күнге дейін енді бүршік атқан отбасымыздың күнде осылай іріткі салып, талқанын шығарып жүр…" – деп жазған Олжас.

Оның айтуынша, жұбайынан сол адаммен араласуды тоқтатуды сұрауы Ерсайдың ренішін туғызған. Сондай-ақ ол жарияланым сипаттамасында Ерсайдың жанындағы адамдарды екеуін үнемі ұрыстырып отыр деп кінәлаған.

Олжас келіспеушіліктің тағы бір себебі ретінде Ерсайдың Ыстанбұлға сапарын атаған. Оның сөзінше, жұбайы аяқ астынан жолға шығуға шешім қабылдаған. Видеода ол Ерсаймен бірге барған ер адамды Айяның інісі деп таныстырған.

"Құрбысының інісімен Ыстанбұлға кетуі. Менің Ерсайға арам ойым жоқ. Бірақ фактінің өзі жеткілікті сияқты… Шыдамаймын!" – деп жазған ол.

Жазбасының соңында Олжас оқырмандарына: "Ал сіз шыдар ма едіңіз? Әлде күйеуіңіз досының қарындасымен шетел араласа, қалыпты ма?" деген сауал қойған.

Бұл – оқиғаның Олжас баяндаған нұсқасы. Жарияланымда сапардың мақсаты мен мән-жайы толық айтылмаған. Ұсынылған материалдарда Ерсайдың және аты аталған адамдардың осы айыптауларға жауабы жоқ.

Ерсай кім?

Ерсай деген атпен танылған Ырысалды Тұрдықазы – кәсіпкер. Ол Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Қытайдың Іле өңіріндегі Шапшалы ауданынан екенін, кәсіпке 17 жасында келгенін айтқан. Қазақстанға көшпей тұрып та осы елге тауар жіберіп, сауда жасаған.

Кәсіпкердің бұрынғы некесінен қызы бар. Оның айтуынша, Олжаспен Қытайдың Гуанжоу қаласында танысқан. Кейін екеуі отбасын құруға шешім қабылдап, Ерсай Қазақстанға көшіп келген. Тамызда жарияланған сұхбатында ол жұбайымен араларында сегіз жас айырмашылық барын айтып, сезімдерінің шынайы екенін жеткізген.

Олжас кім?

Олжас Әлімбеков – әлеуметтік желіде Ерсаймен бірге танылған блогер. Instagram желісіндегі парақшасын olzhas_alimbekov_ атауымен жүргізеді. Ерсайдың сұхбатындағы мәліметке сәйкес, Олжас одан сегіз жас кіші. Кәсіпкер жұбайының ойы мен мінезін жоғары бағалап, кейде оны өзінен үлкен адамдай сезінетінін айтқан.

Олжастың туған күні, білімі мен негізгі мамандығы туралы сенімді ашық дерек аз. Қазір талқыланып жатқан жазбасында ол Ерсаймен қарым-қатынасына қатысты сезімін білдіргенімен, ажырасудың мән-жайын ашып айтпаған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары