Олжас Бектенов ЕҚДБ, ExxonMobil және Marubeni басшылығымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысына қатысу үшін келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, ExxonMobil-дің аға вице-президенті Питер Ларден және Marubeni Corporation-ның басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің алдына қойған экономиканы дамыту және жаңа инвестициялық циклды жүзеге асыру жөніндегі міндеттері тұрғысында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.
ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуде құрылыс және әлеуметтік, көліктік, өнеркәсіптік, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ қаржы саласындағы өзара іс-қимылды нығайту және бизнесті қолдау шаралары жөніндегі мәселелер талқыланды.
Премьер-министр Банктің Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартудағы және ел экономикасының тұрақты дамуындағы маңызды рөлін атап өтті. Бірлесе жұмыс істеген жылдарда ЕҚДБ портфелі шағын және орта бизнес, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында жалпы сомасы $12,7 млрд болатын 354 жобаға жетті.
Одиль Рено-Бассо биыл ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі тарихи деңгейге жететінін хабарлады: бүгінгі күні Қазақстанда 800 млн еуродан астам сомаға жобалар қаржыландырылды. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша инвестициялар ағыны 1,3 млрд еуродан асуы мүмкін деп күтілуде.