"Жұлдызды жекпе-жек" бағдарламасында төрелік еткен Еркеш Хасен мен Қайрат Әділгерей әнші Қобыланды Болаттың өнеріне қатысты пікір таластырды. Еркеш Хасен орындаушының вокалына сын айтса, Қайрат Әділгерей оның анаға деген сезімін жеткізгенін алға тартты, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Еркеш Хасен ана туралы әнді орындау кезінде дауысты шамадан тыс көтерудің қажеті болмағанын айтты. Ол бұл пікірін көрермен әрі музыкалық білімі бар адам ретінде білдіріп отырғанын жеткізді.
"Қарсылық танытып жатыр деп айып етпеңіздер. Бірақ оқыған адам ретінде айтайын. Менің ойымша, бұл әнде айқайға салудың ешқандай реті жоқ сияқты көрінді. Тек көрермен ретінде", – деді әнші.
Алайда Қайрат Әділгерей бұл пікірмен келіспеді. Оның айтуынша, орындаушы анаға деген сағынышы мен махаббатын вокал арқылы жеткізуге тырысқан.
"Ол эмоциясын беріп жатыр. Ішкі айқай емес, эмоциясын беріп жатыр. Анаға деген сағынышты, анаға деген махаббатты вокал арқылы беріп жатыр", – деді ол.
Еркеш Хасен болса, орындаудағы бұл тұсты эмоциямен түсіндіруге қарсы шықты.
"Эмоция емес. Қайрат аға, ол – айқай", – деді әнші.
Әңгіме барысында төрешілер тыныс алу мен ән айту техникасына да тоқталды. Еркеш Хасеннің пікірінше, орындаушының тынысы жетпегендіктен, әннің кей тұсы айқайға ұласқан. Ал Қайрат Әділгерей мұны бір техникадан екінші техникаға ауысу деп бағалады.
"Тыныстың жетпей жатқанын, вокалдың сәл жетіспей жатқанын ары қарай эмоцияға аударып жіберу дегенді ақталу деп есептеймін", – деді Еркеш Хасен.
Қайрат Әділгерей ешкімді орынсыз мақтап отырмағанын, сахнадан көргеніне баға бергенін айтты. Пікірталас арасында ол әзілге бұрып: "Еркеш, шашыңды сыпырам тағы", – деді.
Еркеш Хасен өз кезегінде құлағымен естігенін айтып отырғанын жеткізіп, ана туралы әнді өзі бұлай орындамас еді деген ойын білдірді.
"Әркімде ананың жағдайы әртүрлі ғой өмірде. Бірақ мен өзімнің анама бұл әнді ешқалай бұлай айқайлап, дауысымды шығарып айтып бермес едім", – деді ол.
Еркеш Хасен кім?
Еркеш Хасен – қазақстандық әнші, сазгер, тележүргізуші әрі актер. Көрерменге бала кезінен "Айгөлек" бағдарламасы арқылы таныла бастаған. Кейін осы жобаның жүргізушісі болып, телеэфирде тәжірибе жинаған. Өнер иесі сұхбаттарында Ғалия Байбосынованың өзіне бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жолында қолдау көрсеткенін айтқан.
Еркеш Хасен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Өзінің айтуынша, негізгі мамандығы – әншілік. Ол бір кезеңде Alem Band тобында өнер көрсетіп, кейін жеке шығармашылығын қолға алған. Тыңдарманға "Көзің әдемі", "Қызым", "Кездесуге келмедің", "Ұнайсың" секілді әндерімен танылған.
Әншінің жеке шығармашылығындағы көпшілікке кең тараған туындыларының бірі – "Көзің әдемі". Оның әуенін Еркештің өзі, сөзін ақын Шадияр Есенәлі жазған. Өнер иесі 2022 жылғы сұхбатында бұл әнді жұбайына арнағанын жеткізген. Туынды әлеуметтік желілерде таралып, орындаушының жеке әнші ретінде танылуына ықпал еткен.
Еркеш өзге орындаушыларға да ән жазады. Қуандық Рахым орындайтын "Үйленем" және Әділет Жауғашардың репертуарындағы "Келін болатын қыз іздеймін" әндерінің әуені соған тиесілі. Сондай-ақ Бауыржан Ретбаев, Алишер Каримов пен Әйгерім Мамыроваға ән жазғанын айтқан. Шығармашылыққа қатысты ұстанымын түсіндіргенде, туындының санынан гөрі сапасына мән беретінін жеткізген.
Оның актерлік тәжірибесі де бар. Алғашқы түскен телехикаясы – "Өз үйім". Кейін "Менің бапкерім" телехикаясында төрт балалы отбасының үлкен ұлының рөлін сомдаған. Еркеш өмірде де бес баланың үлкені екенін айтып, осы ұқсастықтың кейіпкерін түсінуге көмектескенін жеткізген. Әншілік, сазгерлік, жүргізушілік пен актерлікті қатар алып жүргенімен, негізгі бағыты ретінде музыканы таңдаған.