«Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің мақаласы жарияланды. «Салмақты саясат қағидаттары» деп аталатын мақаланың толық нұсқасын жариялап отырмыз.
Мемлекет басшысы 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл — тарихи маңызы бар құжат. Себебі бұрын-соңды елімізде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты мен ұйымдастырушылық аясын анықтайтын жүйелі, біртұтас акт болған емес.
Тарихи тұжырымдама
Тұжырымдамалық құжаттың қажет екені біраз уақыттан бері айтылып келді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да сарапшылар мен қатысушылар осы мәселеге айрықша назар аударды. Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және басқалар құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы бастаманы қолдап, Президент Әкімшілігіне аталған мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуді тапсырды.
Ішкі саясат — мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр.
Белгілі сарапшылар мен Ұлттық құрылтай мүшелері, ғылыми қауымдастық өкілдері тұжырымдамалық құжатты жарты жылдан аса уақыт әзірледі. Әсіресе Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Матжани, Александр Данилов, Ғазиза Әбішева бастаған азаматтар үлкен еңбек сіңірді.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлттық құндылықтардың, ішкі саясаттың басты бағыттары жүйеленді. Тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар оның қоғамда оң қабылданғанын көрсетіп отыр.
Кейінгі жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппаратқа жаңа адамдар келе бастады. Мәселен, ауылдық округтердің әкімдері сайлануда. «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылды. Жүйеде буын алмасу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Сондықтан ішкі саясат тұжырымдамасы мемлекеттік қызмет жүйесіне өзге салалардан келген басшылардың жаңа буынына көмекші құрал ретінде пайдалы болмақ.
Айрықша атап өтерлігі, құжатта еліміздің жалпыұлттық нышандары бекітілген. Мәселен, шаңырақ — ұлттық бірліктің, домбыра — ұлттық музыкалық аспаптың, Абайдың «Қара сөздері» ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалды. Бұл нышандар елімізге тән ерекшеліктерді тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.
Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деген сыңайда пікір айтып жатты. Алайда тұжырымдама әу бастан мұндай мақсатты көздеген жоқ. Оның үстіне біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні — азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау.
Әдетте мұндай құжаттар қабылданғанда ауқымды іс-шаралар жоспары мен бюджеті қомақты арнайы жобалар бірге бекітілетін. Бірақ қазіргі ұстаным — басқа. Тұжырымдаманы дайындауда және бағдарламаны жүзеге асыруда қаржы талап ететін жобалар мен пиар-кампаниялар ұйымдастыру мақсаты белгіленген жоқ. Құжат ең алдымен, тұжырымдамалық негіз қызметін атқарады. Ішкі саясатты жүйелі басқаруда анық бағдар, айқын жол сілтеуге бағытталған. Тағы да қайталап айтсақ, мақсат — саладағы жұмысты ортақ негізге жүйелеу. Сондықтан қазір қоғамдық наградалар, мектептегі тәрбие, еңбекқорлық, білім және жасампаздық құндылықтарын біріздендіру басталып кетті. Бұл жұмыстың барлығы артық шығынсыз әрі формализмсіз атқарылып келеді. Ең алдымен, оның институционалдық негізіне басымдық берілді.
Жаңа құндылықтар жүйесі
Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар жүйесін орнықтыру — бір күнде атқарылатын шаруа емес, бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жұмыс. Оған құрғақ ұран, жылтырақ идеологиямен қол жеткізу — бос әурешілік. Бұл жерде жалаң үгіт-насихат тиімсіз. Тіпті кері әсер етуі — ықтимал. Бұл біздің жолымыз емес. Біз жұмыстың өз ырғағымен, өз арнасымен жүргенін қалаймыз. Саяси пікір алуандығы және сөз бостандығы жағдайында ең дұрыс қадам да осы болмақ. Біз жүйелі мемлекеттік саясат арқылы адамдар арасында қоғамдық әдеп мәдениетін дамытуды көздеп отырмыз. Кейінгі уақытта жүргізіліп жатқан жұмысымыздың барлығы осыған саяды.
Айталық, жаңа саясаттың негізгі элементінің бірі ретінде «Заң және тәртіп» қағидаты айқындалды. Бұл — жеке адам мен қоғамдық қауіпсіздіктің іргетасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Заң және тәртіп» мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты болып қала береді. Әлбетте, заңдылықты сақтау — мемлекеттің бірден-бір басты міндеті. Бірақ қоғамның қолдауынсыз бұл істе нақты нәтижеге қол жеткізу қиын. Сол үшін қоғамда қандай да бір құқық бұзушылыққа, агрессия мен зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды. Әрине, бұл бір күнде нәтиже бермейді. Дегенмен мемлекетіміз ұстанған «Заң және тәртіп» қағидаты қазірдің өзінде қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал етіп отыр. Кейінгі бес жылда қылмыстық құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 80 пайызға қысқарды. Заңға бағыну мәдениетін орнықтыру қоғамды жаңа сапалық деңгейге көтереді.
Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда «Таза Қазақстан» жобасының маңызы зор. Бірден айтайық, бұл — бір сәттік экологиялық акция емес. Оның мәні — қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау, вандализмге қарсы күрес, жауапкершілікті арттыру. Тәртіп табалдырықтан басталады. Әркім үйде де, аула мен көшеде де тазалық сақтаса, тәртіп орнайды. Тәртіпті сақтау, тазалықты ұстану саналы түрде жасалатын дағдыға ұласқаны абзал. «Таза Қазақстан» жобасының ел азаматтары тарапынан үлкен қолдауға ие болуы жұмыстың дұрыс арнада жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Кез келген институционалдық реформа, қоғамдық өзгеріс алдымен адамдарға бағытталады. Адамдардың санасы өзгермей, бірде-бір реформа жемісін бермек емес. Ал санаға сәуле түсіретін ортаның бірі — мектеп. Сондықтан құжатта өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылған. Орта білім жүйесіне енгізілген «Адал азамат» бағдарламасы да қоғамдық құндылықтарды орнықтыруды көздейді. Бағдарлама «мемлекет — мектеп — ата-ана» үш тағанын ортақ мақсат жолында ұштастырады. Мұндай қадам нашақорлықтың, лудоманияның, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алады әрі жасампаз құндылықтарды орнықтыруға негіз болады. Қазіргі уақытта бағдарламаның тиімділігіне сараптама жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оны балабақшалар мен колледждерге де енгізу ісі қолға алынады.
Мемлекет басшысы бір сөзінде «Адал еңбек пен жауапкершілік — жаңа қоғамдық этиканың өзегі» деген болатын. Аталған құндылықтарды ілгерілету мақсатында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан инженерлерге, құрылысшыларға, ғалымдарға, шахтерлерге және басқа да мамандық иелеріне арналған тоғыз атақ қосылды. Елімізде 74 кәсіби мереке аталып өтіледі. Соның ішінде Еңбек күнінің орны бөлек. Жыл сайын еңбек озаттары мен еңбек әулеттерінің өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бұл қадамның бәрі қоғамда еңбекқорлықты дәріптеуге, оны жаңа құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған.
Жалпыхалықтық құндылықтарды қорғау да — маңызды бағыттың бірі. Өйткені қоғамда шетелдің мәдени модельдері мен мінез-құлық нормаларын орнықтыру әрекеттеріне қатысты алаңдаушылық бар. Мемлекет бұған бейжай қарай алмайды. Сондықтан дәстүрлі құндылықтарды қорғау шараларын күшейтуге ниетті.
Республика күні мен Тәуелсіздік күнін, Наурыз бен Жаңа жылды, Ораза айт пен Құрбан айтты, Рождество мен Пасханы, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Халықаралық әйелдер күнін кеңінен мерекелеу құндылықтарды қадірлеудің жарқын мысалы бола алады. Кейінгі жылдары Ұлттық рәміздер күнін, Отбасы күнін, Ұлттық кітап күнін, Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жалпыхалықтық сипат ала бастады.
Болашақта бұлардың қатары көбеюі мүмкін. Айталық, көптеген мемлекетте Көршілер күнін атап өту дәстүрі кең таралған. Ал көршілермен тату-тәтті, бірлік пен берекеде ғұмыр кешу — біздің қоғамға ерекше тән қасиет. Халқымыздың, өмір салтымыздың айнымас қағидасы десек қателеспейміз. Мұндай қадамдар қоғамдағы ынтымақты, достықты, тұтастықты одан әрі нығайта түсері анық.
Президентіміз айтқандай, «прогрессивті қоғамның үш тұғыры бар, олар — білім, ғылым және мәдениет». Жаңа құндылықтар жүйесін орнықтыру осы үш тұғырға арқа сүйеуі керек.
Цифрлық этика
Әлем тегеурінді трансформацияны бастан өткеріп келеді. Қоғамдық өмірдің негіздері мен құндылықтардың бағдары сәт сайын өзгеріп жатыр. Мәселен, жаңа технологиялар, әлеуметтік желілер жылдам дамып, этикалық нормалар соған ілесе алмай қалды. Сондықтан қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтырудың маңызы арта түсті.
Айталық, цифрлық платформалар дәстүрлі БАҚ монополиясын әлсіретті. Енді смартфоны бар кез келген адам жаңалықтың жаршысы бола алады. Бұл бір жағынан адамдардың пікір айту мүмкіндігін арттырса, екінші жағынан манипуляциялар мен жалған ақпаратқа жол ашып берді. Мұны мынадан-ақ аңғаруға болады: бұған дейін расталмаған ақпарат кездейсоқ жағдайда жарияланса, қазір ашықтан-ашық мақсатты түрде, көбінесе қоғамдық пікірге арнайы әсер ету үшін таратылады.
Бұл — қоғамға қауіпті құбылыс. Сол себепті әлем елдері мұндай қатерге тосқауыл қою үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, біз де ақпараттық алаңды барынша қорғауға тиіспіз. Сондықтан Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрылды. Оның мақсаты — манипуляцияларды, жалған ақпаратты дер кезінде анықтап, күшін жою әрі медиа кеңістікті қорғау.
Мәселен, ақпараттық шу тудыру қоғамда көп кездесетін проблемаға айналды. Өкініштісі, соның көбі белгілі бір топтардың, жекелеген адамдардың мүддесі үшін жасалады. Пікірлердің, эмоционалды мәлімдемелердің, үстірт түсіндірмелердің көптігі қоғамдық талқылаудың сапасын төмендетеді, жалған иллюзия тудырады. Салдарынан шынайы және маңызды ақпарат расталмаған контенттің көлеңкесінде қалып қояды. Сондықтан жалған ақпаратты анықтап, күшін жоюмен ғана шектелмей, жаңа цифрлық этиканы қалыптастыру керек. Бұл дегеніміз — ақпарат тарату және контентті қабылдау мәдениетін орнықтыру.
Биыл көктемде «ақпараттық рэкет» феноменін айыптап, мәлімдеме жасадым. Бұған кейбір блогерлер мен белсенділер қызметінің кәдімгі бопсалауға ұласып бара жатқаны түрткі болды. Мұндай келеңсіз тәжірибелер бұған дейінгі кезеңдерде деструктивті элементтерге қатысты қолданылған «жалтақтау саясатының» салдарынан туындағаны мәлім. Бұл өз кезегінде жалған қоғамдық белсенділердің, блогерлердің, «айтқанға көніп, айдағанға жүретін» оппозиционерлердің көбеюіне жол ашты. Қазір олар кезіндегі құдіретті қолдаушыларынан да, жомарт клиенттерінен де айырылып қалды. Бірақ үйреншікті әдістен әлі де арыла алмай келеді. Бұлардың жұмыс схемасы да қарадүрсін: белгілі бір тақырыпты жоқ жерден ушықтырып, жұрт назарын аудартады, ал содан соң жазбаны өшіріп тастау үшін қомақты қаржы немесе мемлекеттік тапсырыс дәметеді. Бұл журналистикаға да, қоғамдық қызметке де жатпайды. Бұл нағыз «ақпараттық рэкет» болып саналады.
Бүгінде мемлекет ашықтық пен жауапкершілікке негізделген басқа саясатты ұстанып отыр. Сол себепті енді мұндай әдістерге жол бермеу қажет. «Ақпараттық рэкетті» ымырамен де, марапатпен де, келісімшартпен де қолдап-қуаттауға болмайды. Шындығында, бұл — шантаж бен бопсалауға құрылған әрі қылмыстық бизнеске пара-пар қатерлі құбылыс.
Сонымен бірге қоғамда «кэнселинг» («бас тарту») құбылысы да белең алып келеді. Бір қарағанда бұл азаматтық белсенділіктің бір қыры болып көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде қысым көрсету мен келекенің құралына айналып барады. Адамдар эмоцияның жетегінде кетіп, мәселенің байыбына бармай бойкот шараларына қосылуда. Осының салдарынан қоғамдағы алауыздық пен агрессия күшейеді. Әділетсіздіктің мән-маңызын түсінбей тұрып талқыға араласу, одан да зор әділетсіздікті туындатуы мүмкін екенін естен шығармаған абзал.
Сондықтан болашақта бұл құбылысты да реттеу керек. Бәлкім, заңнамалық шаралар қолдану қажет шығар. Этностық, діни, тілдік, гендерлік және басқа да кемсітушілік белгілері бойынша бойкот жариялауға шақыратындарға қатысты жауапкершілік енгізген дұрыс.
Жалпы, этностық, діни, тілдік немесе сыртқы саяси мәселелер сияқты күрделі әрі нәзік тақырыптарды эмоциямен талқылауға болмайды. Мұның соңы алауыздыққа, қоғамды бөліп-жаруға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сол себепті пікір жазғанда, қоғамдық талқылауларда ой айтқанда шектен шықпаған дұрыс. Қазақта «ала жіпті аттамау» деген ұғым бар. Мұны пікірталас кезінде де берік ұстану қажет. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Бұл дегеніміз — тыйым салу емес, керісінше пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру.
Мемлекет қоғамдық тұрақтылыққа сызат түсіретін дүниелерге бейжай қарамайтыны белгілі. Әсіресе деструктивті контент тарату әрекеттеріне қатысты қатаң саясат ұстанады. Қазір Парламент қоғамдық-саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін контентті таратуға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу жөніндегі түзетулерді қарастыруда. Аталған жаңашылдық осы саладағы заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға ықпал ететін болады.
Дегенмен тұрақтылықты сақтау тек шектеу шараларынан тұрмауы қажет. Ең алдымен, қоғамда өзін-өзі реттеу тетіктері қалыптасуы керек. Мысалы, азаматтар сенімді ақпарат көздеріне ғана сүйенгені абзал. Әркім өз әрекеті үшін жауапкершілік арқалауға тиіс. Диалог мәдениетін сақтау, қарсы тарапқа құрметпен қарау — өркениетті әрі саналы қоғамның белгісі.
Жүйелі қадам, тың тәсіл
Кейінгі жылдары елімізде орын алған саяси өзгерістер бір нәрсені анық байқатты: реформалар жоғары жақтың пәрменімен емес, керісінше кең ауқымды қоғамдық диалог арқылы қалыптасады. Соның нәтижесінде ел тұрғындарының, азаматтық қоғам институттарының, сарапшылардың бірлескен бастамалары мемлекеттік жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналды. Түптеп келгенде, бұл да қоғамдағы жаңа мәдениеттің, жаңа құндылықтың қалыптасып жатқанын аңғартады.
Бүгінгі саясаттың басты ерекшелігі — өткен жылдардың тиімсіз тәжірибесінен алыстау. Бұған дейін мемлекеттік органдар жылдам нәтиже беретін PR-тәсілдерге ұмтылды. Көрер көзге әсерлі, бірақ тиімсіз шешімдерге басымдық берілді. Бір кездері билік те, қоғам да жылдам нәтиже беретін жұмыстармен әуестенді. Жұрт алдында жарқыратып көрсетіп, тез есеп беру әдеті қалыптасты. Сол тәсіл мемлекеттік басқару жүйесіне де, қоғамдық психологияға да дендеп енді. Есесіне көзге көрінбейтін, ұзақ мерзімге арналған шаруалар тасада қалып қойды.
Қазір жүйелілікке, практикалық тиімділік пен тұрақты нәтижеге басымдық берілген. Бүгінде мемлекет инфрақұрылым салу, әлеуметтік саланы жаңғырту, азаматтарға жайлы өмір сыйлау секілді нақты әрі жүйелі міндеттерді орындап отыр. Нәтижесі де көңілге қонымды. Кейінгі бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі екі есе өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 14 мың доллардан асты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе ұлғайды.
Кейінгі бес жылда 1 200 мектеп пайдалануға берілді. Кейінгі үш жылда денсаулық сақтау саласында 900 нысан ел игілігіне қызмет ете бастады. Азаматтардың орташа өмір сүруі 75 жасқа дейін ұзарды.
Тұрғын үй құрылысының көлемі 19 млн шаршы метрге жетті. 2,4 мың шақырым автомобиль жолы, 880 шақырым теміржол салынды. 1 980 өндіріс нысаны іске қосылды.
Жарқын да жылдам «жетістіктерге» бойы үйренгендер мұндай нәтижелерді көзге ілмейді, әрине. Шын мәнінде, бұлардың бәрі — жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар. Тек, біз бұрынғыдай жарқырата көрсетіп, жаппай жарнамалаудан тыйылдық. Жарнамасыз, ұрансыз, керісінше жүйелі қадамдар мен нақты тәсілдер арқылы жүзеге асырылып жатқан күнделікті жұмыстар дамуға бастайды, халықтың әл-ауқатын арттырады.
Дәл осындай тәсілдер идеология саласында да қолданылып келеді. Ішкі саясат әсірелеусіз, көзбояушылықсыз реттеліп отыр. Жасампаздық құндылықтары орнығуда. Заңға бағыну және қоғамдық ынтымақтастық мәдениеті нығая түсті. Азаматтық қоғам, балалар құқығын қорғау, ескерткіш тақталар мен рәміздік кеңістік мәселелеріне ерекше көңіл бөлеміз.
Мемлекетіміз жүйелі әрі тиімді әрекет бағытын ұстанып отыр. Түрлі салада қордаланып қалған мәселелерді жедел реттеп, тұрақты құндылықтар мен институционалдық негіздерді қалыптастыру көзделген. Қабылданып жатқан шешімдер де уақытша әсерге емес, азаматтардың мүддесі мен ұлттық стратегиялық басымдықтарға негізделген.Бұл — салмақты саясаттың қағидаттары.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі