Malim.kz
Саясат

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Мадияр Қапанбек
Ерлан Қошанов. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Мұндай шешім жаңа конституциялық органның алғашқы сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Malim.kz.

Кеңес мүшелері төрағаны жасырын дауыс беру арқылы таңдады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қошановтың кандидатурасын Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынған болатын.

Конституциялық заңға сәйкес, Кеңес төрағасы мүшелердің жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Оның өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Бір адам бұл қызметті қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Ерлан Қошанов кім?

Ерлан Қошанов 1962 жылғы 14 тамызда Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген.

Ол Қарағанды политехникалық институтын және Халық шаруашылығы академиясы жанындағы Жоғары коммерциялық мектепті тәмамдаған. Мамандығы бойынша инженер-механик және экономист.

Еңбек жолында Үкімет аппаратында және Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарды. Көлік және коммуникация вице-министрі болып, Азаматтық авиация комитетін де басқарған.

2012-2017 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы, ал 2017-2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі болды.

2019 жылдың қыркүйегінде Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды. 2022 жылдың ақпанынан бастап Парламент Мәжілісінің төрағасы қызметін атқарды. Сондай-ақ Amanat партиясының төрағасы болды.

Халық Кеңесінің төрағасы қандай міндет атқарады?

Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы органның жұмысына жалпы басшылық жасайды. Ол Кеңес сессияларын шақырып, күн тәртібін қалыптастырады, сессиялар мен төралқа отырыстарына төрағалық етеді.

Сонымен қатар төраға Кеңестің регламентін бекітіп, оның атынан өкілдік етеді.

Кеңес төрағасы мүшелер арасынан өз орынбасарларын да тағайындайды. Олар ротация тәртібімен екі жыл қызмет атқарады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары