Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Ирина Серкебаева көрнекті әнші Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай жарық көрген «Ермек Серкебаев. И жизнь, и молодость, и счастье. Новые страницы» кітабының екінші басылымын таныстырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Автор Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа деректермен кітап мазмұнын толықтырған. Туындының алғашқы басылымы 2009 жылы жарық көрген.
Екінші басылымда Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер қамтылған. Кітапқа өнер иесі өмір сүрген кезең, ұстаздары, камералық музыка, қазақтың халық әндері туралы жаңа бөлімдер енгізілді. Сондай-ақ әншінің дискографиясы ұсынылған. Кітап Серкебаевтар, Қорғановтар-Шамаро және Брюкнер әулеттерінің жеке мұрағаттары мен естеліктері негізінде дайындалған.
Жаңа басылымды әзірлеу барысында әншінің ұстаздарының өмір жолы да қосымша зерттелді. Таныстырылым кезінде Ирина Серкебаева жеке және отбасылық мұрағаттағы бірегей фотосуреттерді, аудио және бейнематериалдарды көпшілік назарына ұсынды. Бұл материалдар Ермек Серкебаевтың балалық және жастық шағынан бастап, өнердегі алғашқы қадамдары мен шығармашылық биіктерге көтерілген кезеңдеріне дейінгі өмір жолын таныстырады.
Кеште Ермек Серкебаевтың замандастары, әріптестері мен шәкірттері әнші туралы естеліктерін бөлісті. Театр әртістері музыкалық бағдарлама ұсынып, оған Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева да қатысты.