Malim.kz
Мәдениет

Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы «Астана Операда» тойланды

Айбын Атабай
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Биыл көрнекті опера жұлдызы, халықтың сүйікті әртісі, біртуар өнер тарланы Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың дүние есігін ашқанына бір ғасыр толып отырғаны аян. Осыған сәйкес, еліміздің әр түкпірінде тұғыры биік тұлғаның құрметіне бағытталған шаралар өткізілуде.  

Соның бір дәлелі – елордадағы «Астана Опера» театры төрінде әнші шығармашылығын дәріптейтін  концерт ұйымдастырылды. «Ұлы даланың Ұлы дауысы» тақырыбымен өткен юбилейлік  кеш «Опералия» халықаралық музыка фестивалі аясында өтті.  Театр  өнерпаздары, симфониялық оркестр мен хордан бөлек шетелдік солистер халыққа өнерлерін ұсынды.    

Серкебаевтың шығармашылығы алуан түрлі жанрдағы әндерге толы. Осы кеште таңдамалы деген, үздік  туындылар көрерменге ләззат сыйлады. Жүрек тербетер ариялар,  дәстүрлі әндер мен камералық шығармаларынан мәшһүр әншінің айрықша қолтаңбасы аңғарылды.  

Мерейтойлық шарада Серкебаевтың айтуымен шығанға шыққан, кеңінен танылған шығарма -  Фигароның каватинасы жоғары мәнерде орындалды. Оның ізін ала мәртебелі көрерменге ерекше музыкалық туынды тарту етілді. Бұл -  Алмас Серкебаевтың оркестрге лайықталған «Фигаро тақырыбына парафразы».

Кешке астаналық опера театрының көрнекті солистерімен бірге А.Раджабов, Шахрух Юнусов, Венеpa Прoтacовa және ҚH халық артисі Шaхимapдaн Әбiлoв қатысып, өміршең шығармаларды халық жүрегіне жеткізді.

Келелі кеште ҚР Халық артисі Абзал Мұхитдин және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ақмедияров дирижерлік міндетті атқарды. Салтанатты концертке ат басын бұрған опера әншісінің өмірлік серігі Альфия Байжанқызы оң бағасын беріп, ақ тілегін ақтарды.

«Концерттің айрықша ынта-жігермен, зор жауапкершілікпен даярлық жасалғаны әрбір көрінісінен айқын білінді», – деді артистің жұбайы.

Айта кетейік, Ермек Бекмұхамедұлының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО масштабында аталып өтіп жатыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары