Malim.kz
Құқық

Ержан Бабақұмаровты өлтірген күдікті 11 жылға сотталды

Сабина Асқарқызы
Фото:primeminister.kz

Астана қаласында Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп таныды. Оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім 2026 жылғы 20 ақпанда шығып, заңды күшіне енді.

«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 20.02.2026 жылғы үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.

Соттың мәліметінше, негізгі талқылау жабық режимде өткен.

«Негізгі сот талқылауы жабық сот отырысында өткендіктен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес іс бойынша өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», – деп хабарлады сот.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2025 жылдың 30 қазанында болған. Алдын ала дерек бойынша, бұрын таныс адамдар арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 56 жастағы Бабақұмаров ауыр жарақат алып, көз жұмды. Іс бойынша 37 жастағы азамат күдікті ретінде танылған.

Іс бойынша алдын ала тыңдау 2026 жылғы 26 қаңтарда басталды. Сот отырысы тараптардың өтінішімен жабық режимде өтті. Істі судья Айжан Құлбаева қарады. Ол марқұмның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында соттың жабық өткенін түсіндірді.

Айта кетейік, Айжан Құлбаева бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша үкім шығарған.

Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де сотты болғаны анықталған. 2025 жылдың сәуірінде ол азаматтық некедегі әйеліне күш көрсетіп, түрлі дене жарақаттарын салғаны хабарланған.

Ержан Бабақұмаров кім?

Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда дүниеге келген. Саясаттану ғылымдарының докторы. Әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған, соның ішінде:
– Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер;
– Мәдениет және ақпарат вице-министрі;
– Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары;
– Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры;
– Президент кеңесшісі.

Марқұм 2025 жылғы 30 қазанда Астанада болған жанжалдан кейін алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары