Malim.kz
Оқиға

«Есікті құлыптап кеткен»: Солтүстікте 5 жасар қыз тірілей жанып кетті

Арман Қайыпхан
Фото: ТЖМ

Өрт салдарынан 5 жасар қыз бала бақилық болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Алдын ала мәліметке сәйкес, 18 қаңтар күні кешке ауылдағы екі пәтерлі тұрғын үйлердің бірінде 33 жастағы әйел, 31 жастағы ер адам және олардың бес жасар қызы тұрған. Бұл отбасы қолайсыз санаттағы тіркеуде болған. Ересектер пешті жағып, үйден шығып кеткен кезде баланы жалғыз қалдырып, есікті сыртынан құлыптап кеткені айтылды. Көршілердің сөзінше, қыз бала бұрын да жиі жалғыз қалатын болыпты.

Өрт шыққан сәтте үй толықтай отқа оранып, шатыры опырылып түскен. Оқиға орнына келген өрт сөндіру бөлімшелері тілсіз жаумен ұзақ уақыт күресіп, өртті сөндіруге 35 қызметкер мен 11 бірлік техника жұмылдырды. Алдын ала болжам бойынша, пешпен жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған.

Өртті сөндіру аяқталғаннан кейін құтқарушылар үйінділер арасынан баланың мәйітін тапты. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар полиция марқұм қыздың анасына қатысты да қылмыстық жауапкершілік мәселесін қарастырып жатыр.

Айта кетейік, өрттің кесірінен осы үйдің екінші пәтерінде тұрған көршілер де баспанасыз қалған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары