Malim.kz
Құқық

Есірткі саудасымен айналысқан азамат Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланады

Айбын Атабай
Фото: видеодан скрин

Грузия Қазақстанға есірткі тобына қатысты және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деп күдіктелген азаматты берді. Тергеу нұсқасы бойынша, оған 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қазақстандық азамат Алматы облысының аумағында аса ірі мөлшерде психотроптық заттар өндіруді ұйымдастырған қылмыстық топтың құрамында болған. Дайындалған заттар кейіннен Алматы облысы мен Алматы қаласында жасырын қойып кету (закладка) арқылы таратылып келген.

Тергеу барысында топ мүшелерінен 10 келіге жуық мефедрон психотроптық заты тәркіленді.

"Қаскөйлер қылмыстық әрекет нәтижесінде түскен заңсыз табысты әртүрлі қаржылық операциялар, соның ішінде криптоалмастырғыштар арқылы 1,8 миллиард теңгеден астам сомаға заңдастырған. Сонымен қатар 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдарын сатып алған. Мемлекет пайдасына өндіріп алу мақсатында бұл активтерге тыйым салынды", - делінген хабарламада.

Қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа тартылып, оларға қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Басқа фигуранттар, соның ішінде экстрадицияланған күдікті, тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеу салынған болатын.

Күдікті қаңтар айында Грузияда ұсталды, қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, психотроптық заттардың аса ірі мөлшердегі заңсыз айналымы және қылмыстық табысты заңдастырғаны үшін оған мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары