Malim.kz
Шоу-бизнес

"Ешкімнің бақыты ешкімге тәуелді болмасын": Дариға Бадықова сырлы жазба жариялады

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актриса Дариға Бадықова оқырмандарына жүрекжарды тілегін арнап, шынайы махаббат пен жан тыныштығы туралы жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі 23 қазанда жариялаған жазбасында өмірдің сынағына мойымай, арманға ұмтылудың маңызын айтты. Ол оқырмандарына қандай кедергі кездессе де, еңселерін түсірмеуді тіледі.

"Өмір жолдарыңызда қандай кедергі кездессе де, еңселеріңіз түспесін. Армандарыңыз асқақ, ниеттеріңіз ақ, тағдырларыңыз жарқын болсын", – деп жазды актриса.

Дариға Бадықова адамның бақыты өзгеге байланып қалмауы керегін де атап өтті. Әркімнің өзін бағалайтын, құрметтейтін жанды жолықтырып, көңіл тыныштығына кенелуін тіледі.

"Ешкімнің бақыты ешкімге тәуелді болмасын. Әр адам өзіне лайықты сый-құрметін, шынайы махаббатын, жан тыныштығын тапсын. Шынайы тілегім сіздерге", – деп жеткізді өнер иесі.

Бұған дейін актрисаның бұрынғы күйеуінің сүйіктісін көрсеткені туралы ақпарат жарияланған еді. Дегенмен Дариға бұл жазбасында нақты бір оқиғаға немесе адамға қатысты пікір білдірмеген.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Болатқызы Бадықова – театр және кино актрисасы, продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып, кейін Болат Атабаевтың "Ақсарай" музыкалық театрында еңбек еткен.

Актрисаны қалың көрерменге танытқан рөлдердің бірі – "Келінжан" телехикаясындағы Айсара. Ауыл өмірі мен отбасылық қарым-қатынасты әзілмен өрген жобада ол мінезі өткір келіннің бейнесін сомдады. Кейін осы телехикаяның желісімен түсірілген толықметражды фильмдерге де қатысты. Сондай-ақ "Қазақша бизнес" фильмдеріндегі Мақпал рөлімен танылды.

Өнер иесі продюсерлікке де ден қойған. 2023 жылы көрерменге ұсынылған "Таптым-ау сені" романтикалық комедиясында басты рөлдердің бірін ойнап, фильмнің продюсері болды. Туындыдағы серіктесі – актер Олжас Абай.

Дариға бұл жобаны көрерменге Айсарадан бөлек қырын таныту үшін қолға алғанын айтқан. Фильмді марқұм әкесі мен ұстазы Болат Атабаевтың рухына арнаған. Кейін картинаның жалғасын түсіріп, кино саласындағы жұмысын жалғастырды. Актерлік пен продюсерліктен бөлек, ән орындап, өз жобаларының саундтректерін де ұсынған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары