Malim.kz
Құқық

"Ештеңе есімде жоқ": Нұрайды өлтірді деген күдіктінің уәжі жоққа шығарылды

Айбын Атабай
видеодан скрин

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 11 тамызда сот Алматыдағы Сот сараптамасы институты мамандарынан жауап алды. Сарапшылар 28 жастағы айыпталушының психикалық жағдайы мен оның қылмыс кезінде "аффект жағдайында" болдым және ештеңе есімде жоқ деген мәлімдемелеріне баға берді, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.   

Еске салайық, айыпталушылар орындығында Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айыпталып жатқан 28 жастағы Ш. А. отыр:

99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";

125-1-бап "Некеге тұруға мәжбүрлеу";

115-1-бап "Сталкинг".

Бұрын сотта айыпталушы 2019 жылы басынан жарақат алғаннан кейін психикалық бұзылыс пайда болғанын мәлімдеген болатын - "аралас мазасыз ойлар мен әрекеттер". Оның айтуынша, ол Нурайға 35 рет пышақ сұққанын есіне түсіре алмайды, себебі сол кезде "аффект жағдайында" болған.

"Диагноз бар, бірақ сотталушы өз іс-әрекетін бақылай алған"

Сотта алғашқы болып сотталушыны тексерген сарапшы-психиатр Темірлан Сейтек сөз сөйледі. Ол ер адамда психикалық ауытқу бар екенін растады, бірақ бұл оның өз іс-әрекетін түсінуіне және бақылауына кедергі болмаған.

"Оның диагнозы – "аралас мазасыз ойлар мен әрекеттер" (обсессивті-компульсивті бұзылыс). Халықаралық аурулар классификациясына сәйкес, бұл F42.2 кодымен белгіленеді. Бұл оны өз іс-әрекетінің мәнін толық сезіну және оған жауап беру қабілетінен айырмайды. Ол жасаған әрекетінің қылмыстық сипатын түсіне алған", – деді сарапшы.

Маманның айтуынша, бұл бұзылыс қылмыс жасалған сәтте сотталушының мінез-құлқына әсер етпеген. Сарапшы сотталушы не болып жатқанын түсінген және өз іс-әрекетін басқара алатын күйде болған деген қорытындыға келді.

"Аффект жағдайы жоқ"

Сотта келесі болып сарапшы-психолог Күләш Қожамжарова жауап берді. Ол кісі өлтіру кезінде сотталушы аффект жағдайында болмаған деген қорытындыға келген.

"Аффект жағдайын анықтау кезінде біз үш фазаны қарастырамыз. Әрқайсының өз критерийлері бар. Қажетті белгілер толық көлемде болмағандықтан, біз оның аффект жағдайда болмағандығы туралы қорытындыға келдік", – деп түсіндірді Қожамжарова.

Сонымен қатар сарапшы сотталушының кісі өлтіру сәтін есіне түсіре алмағаны туралы сөздеріне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, аффект кезінде мұндай амнезия болмайды – естеліктер әдетте үзік-үзік сақталады.

"Қылмыс сәтін есіне түсіре алмауы туралы мәлімдеменің өзі аффект жағдайын растамайды. Аффект кезінде жасалған әрекеттер әдетте ішінара, фрагменттермен сақталады: адам жекелеген эпизодтарды есте сақтап, оларды айтып бере алады. Біздің жағдайда мұндай белгілер анықталған жоқ", – деді сарапшы.

Осылайша, психологтар мен психиатрлардың кешенді сараптамасы Ш. А.-ның қылмыс кезінде ақыл-есі дұрыс болғанын және өз іс-әрекетіне жауап бере алғанын анықтады.

Күдікті неге Ақтасқа жіберілді?

Бұған дейін сәуірде тергеу барысында сотталушы сот-психиатриялық сараптамадан өту үшін Алматы облысының Ақтас ауылындағы ауруханаға жіберілген болатын.

Сол кезде Нұрайдың туыстары оның психикалық ауытқуды желеу етіп, жазадан құтылып кетуінен қорыққан еді. Бірақ сараптама күдіктіні ақыл-есі дұрыс деп таныды.

11 тамыздағы отырыста оны Ақтасқа жібермес бұрын Алматыдағы Сот сараптамасы институтының мамандары тексергені белгілі болды.

Психиатр Темірлан Сейтектің айтуынша, тексеру кезінде Ш. А. диалогты толыққанды жүргізе алғанына қарамастан, сарапшылардың сұрақтарына ішінара жауап беруден бас тартқан.

Нәтижесінде мамандар оны Ақтасқа жіберген. Барлық тексеру қорытындысы бойынша сарапшылар сотталушы стационарда мәжбүрлі емдеуді қажет етпейді деген шешімге келді.

"Аффект жағдайында болдым": сотталушы сотта не деді?

Алдыңғы отырыста 28 жастағы сотталушы Ш. А. Нұрайды ұрлау және аңду туралы айыптарды жоққа шығарған еді.

Ол қызбен қарым-қатынаста болғанын, оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасағанын, ал қайғылы оқиға болған күні жүзікті қайтарып, айырылысу үшін келгенін мәлімдеді.

Оның нұсқасы бойынша, Нұрай оған бірінші болып пышақ жұмсаған, содан кейін ол аффект жағдайына түсіп, оған қалай өлімші жарақат салғаны есінде жоқ екенін айтады. Сондай-ақ Ш. А. 2019 жылдан бастап басынан алған жарақатынан кейін психикалық ауытқуы барын мәлімдеді.

Бір жарым сағат ішінде 76 қоңырау: бұған дейін не белгілі болды?

Бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың жазында сотталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда ұрлап кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайтарып алған.

Бұдан кейін, тергеу деректері бойынша, ер адам қыздың соңына түскен: бірнеше күн ішінде оған 154-тен астам рет қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.

2026 жылғы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйі маңында ер адам оған пышақ жарақаттарын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары