Malim.kz
Саясат

Еуроодақ Қазақстанға қатысты санкцияларды талқылауды шегере тұрды

Malim Админ

Еуроодақ Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін қарауды белгісіз мерзімге шегерді. Бұл құжатта Қазақстанға қатысты экономикалық шектеулердің енгізілу ықтималдығы қарастырылған еді,- деп жазады Malim.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап. 


Politico басылымының жазуынша, бастапқыда Ресейге қарсы ЕО-ның 19-шы санкциялар пакеті 17 қыркүйек, сәрсенбі күні таныстырылуы тиіс болған. Алайда бұл жоспар өзгерді, себебі Брюссель мен Вашингтон қазір Венгрия мен Словакия билігіне қысым көрсетіп, оларды ресейлік мұнайдан бас тартуға көндіруге тырысуда. Санкциялар талқылауы қанша уақытқа кейінге қалдырылғаны әзірге белгісіз.

«Ақпарат 15 қыркүйек күні түстен кейін Еуропа астаналарына жеткізілді. Алайда жаңа санкциялар пакеті қашан жарияланатыны туралы ешқандай егжей-тегжей берілген жоқ. Еурокомиссияның баспасөз қызметі түсініктеме беруден бас тартты», – деп хабарлайды Politico.

Шетелдік басылымның пайымынша, Трамп әдейі уақытты созып, еуропалық елдерді америкалық мұнай мен газды көбірек сатып алуға итермелеуі мүмкін.

Дәл осы 19-шы санкциялар пакетінде Қазақстанға қатысты қосымша экономикалық шектеулер енгізілуі ықтимал еді.

Мұндай мәселе Брюссельде талқыланғанын Bloomberg өткен аптада жазған болатын. 

Фото: Nicolas Economou/NurPhoto/picture alliance


 

Malim Админ
Автордың басқа материалдары