Malim.kz
Оқиға

Еуропада хантавирус шыққан круиз лайнері Тенерифеге жіберілді

Сабина Асқарқызы

Испания билігі хантавирус жұқтырған жолаушылары бар круиз кемесіне қатысты арнайы хаттаманы бекітті. Жексенбі күні MV Hondius Канар аралдарындағы Тенерифе портына келеді деп күтіліп отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Кемеде 144 жолаушы мен экипаж мүшесі бар. Испания билігінің мәліметінше, қазіргі уақытта бортта хантавирус белгілері байқалған жаңа науқастар тіркелмеген.

Жоспарға сәйкес, шетел азаматтары кемеден түскен соң бірден әуежайға жеткізіліп, өз елдеріне жөнелтіледі. Ал испаниялық азаматтар карантинге орналастырылады. Билік өкілдері жолаушылардың қоғаммен еш байланысқа түспейтінін мәлімдеді.

Кемеде инфекция ресми анықталғанға дейін түсіп кеткен жолаушыларды қазір төрт құрлықта іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Associated Press мәліметінше, Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған сапар барысында кемінде сегіз адам вирус жұқтырған. Оның үшеуі, соның ішінде Нидерланд пен Германия азаматтары, қайтыс болған.

Алғашқы өлімнен кейін шамамен бір жарым апта өткенде кемеден түрлі елдердің кемінде 12 жолаушысы түсіп кеткен. Олардың арасында АҚШ-тың Калифорния штатынан келгендер де бар. Олар анықталып, медициналық бақылауға алынған. Сонымен қатар вирус жағдайлары Швейцария, Израиль және Ұлыбританияның теңіздегі аумағында тіркелген.

Мамандардың болжамынша, инфекцияны алғаш жұқтырғандар - Нидерландтан келген ерлі-зайыптылар. Олар круиз басталар алдында Оңтүстік Америкада саяхаттап, сол жақта жұқтырған болуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін хантавирус қоғамдық денсаулыққа үлкен қауіп төндірмейтінін мәлімдеген. Әдетте бұл вирус кеміргіштер арқылы адамға жұғады. Алайда аталған кемеде адамнан адамға берілетін сирек түрі таралған болуы мүмкін.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары