Әлемге танымал даниялық аут маманы Томас Гроннемарк ASnews.kz басылымына берген сұхбатында "Ақтөбе" футбол клубы Түркиядағы қысқы оқу-жаттығу жиынында атқарған еңбегі үшін әлі күнге дейін ақы төлемегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
50 жастағы маманның айтуынша, ол "Ақтөбемен" Түркияда бір аптадан астам уақыт жұмыс істеген. Қолында екі тарап қол қойған келісімшарт бар екенін айтқан Гроннемарк клубтың шамамен 5 мың доллар (2 370 460 теңге) көлемінде қарызы бар екенін жеткізді.
"Бапкерлер штабы менің жұмысымды жоғары бағалады, ал клуб басшылығы тіпті менің атымды жаңа ойыншыларды тарту үшін пайдаланды. Сондай-ақ өз байланыстарымды қолданып, стандартты жағдайлар бойынша мықты маман табуға көмектестім. Оның үстіне, "Ақтөбеге" әдеттегіден әлдеқайда төмен қаржылық талап қойдым. 22 жылдық мансабымда бірде-бір клуб қызметімнің ақысын төлемеген жағдай болған емес", – деді Томас Гроннемарк.
Оның сөзінше, бастапқыда клуб келісімшарттың барын жоққа шығарған, кейін заңгерге жолдаған. Алайда көп ұзамай ол қызметтен кеткен. Содан бері клуб өкілдері байланысқа шықпай қойған.
Өз кезегінде "Ақтөбе" футбол клубы даниялық маманның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Клуб өкілдерінің айтуынша, мәселенің басты себебі – басшылықтың ауысуы және бұрынғы құжаттардың архивтен табылмауы.
"Біз Томаспен байланысқа шықтық. Әзірге оған ақша аударуға заңдық негіз жоқ. Өйткені бұрынғы басшылық кезінде жасалған келісімшарттарды таба алмадық. Ал Гроннемарктың өзінде де қол қойылған келісімшарттың көшірмесі жоқ. Қазіргі таңда бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Жаңа келісім жасау немесе басқа заңды тетік табу мүмкіндігі қарастырылуда. Алаңдауға негіз жоқ, мәселе жуық арада шешіледі", – деп мәлімдеді клуб өкілі.
Айта кетейік, Томас Гроннемарк – футболдағы аут лақтыру әдісіне маманданған әлемге әйгілі жаттықтырушы. Ол мансабында әртүрлі командалардың 18 жүлде жеңіп алуына үлес қосқан. Сонымен қатар бес жыл бойы Юрген Клопптың "Ливерпульдегі" бапкерлер штабында жұмыс істеп, командамен бірге жеті бірдей титулды жеңіп алған.