Еуропалық одақ Қазақстанмен босқындарды ұстау орталықтарын құру туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Еуропалық одақтың елшісі Алешка Симкич айтты , деп хабарлайды Malim.kz Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Елшінің мәліметінше, Еуропалық одақ көші-қон пактісін жаңартты және онда үш негізгі мақсат бар.
— Жаңңартылған пакттің үш мақсаты бар. Олар, біріншісі — заңсыз көші-қонның алдын алу және адам саудасымен айналысатын қылмыстық желілерге қарсы күрес. Екіншісі — соғыс пен қудалаудан қашқан адамдарды қорғау. Үшіншісі — Еуропалық одаққа таланттарды тарту, — деді Алешка Симкич.
Сонымен қатар елшінің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен айтылған тағы екі маңызды өзгеріс бар.
— Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді ЕО шекарасының өзінде-ақ баспана сұрауға болады. Яғни ЕО-ға мүше мемлекеттер мигранттарды өз аумағына кіргізбей-ақ, олардың өтінішін шекарада қабылдай алады. Бұл процесс 12 аптаға дейін созылады. Одан кейін өтініш тиісті елге жіберіледі. Екінші мәселе осы қауесеттердің шығуына себеп болған жайт. Енді ЕО елдері баспана сұраған, бірақ оны ала алмаған және оның аумағында қалуға құқығы жоқ адамдарды үшінші елге жібере алады. Яғни өз еліне емес, басқа бір үшінші елге, — деді ол.
Алешка Симкичтың мәліметінше, бұл норма әлі заңнамалық түрде толық бекітілмеген, бірақ мұндай мүмкіндік қарастырылған.
— Менің ойымша, бұл қауесеттер кейбір елдер жайлы болжамдар айтылғандықтан пайда болды. Бұл жай ғана спекуляция. Кім айтқанын білмеймін. Еуропалық Одақ та, Еуропалық Комиссия да қазіргі уақытта ешбір елмен, соның ішінде Қазақстанмен де, оны «үшінші ел» ретінде пайдалану туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Мұндай келіссөздерді мүше мемлекеттер өздері жүргізеді. Олар қажет болса, белгілі бір елге жүгінеді. Мысалы, Италия мен Албания арасында мұндай келісімдер бар. Болашақта біреу Қазақстанға немесе Өзбекстанға жүгінуі мүмкін, бірақ бұл Қазақстанның өз шешімі болады. Әзірге мұндай келіссөздер болған жоқ және жақын уақытта да болмайды, — деп түйіндеді Алешка Симкич.
Ол Еуропалық одақтың Қазақстан аумағында босқындарға арналған лагерьлер құру мәселесін талқыламайтынын ерекше атап өтті. Мұндай шешімдер ЕО тарапынан біржақты қабылдана алмайды және тек тиісті мемлекеттің келісімімен ғана жүзеге асуы мүмкін.