Malim.kz
Спорт

Франция құрамасы Дешамның ізбасарын анықтады

Арман Қайыпхан
Фото: Getty Images

Франция ұлттық құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қызметінен кететіні мәлім болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Осыған байланысты Франция футбол федерациясы жаңа бапкердің есімін анықтап қойған.

Федерация президенті Филипп Диалло Le Figaro басылымына берген сұхбатында болашақ бапкердің кім екенін білетінін айтты.

Иә, болашақ бас бапкердің есімін білемін, – деді ол.

Алайда нақты кім екенін жариялаудан бас тартып, бұл қызметке Зинедин Зидан тағайындалады деген ақпаратты растаған жоқ.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл қызметке үміткерлер саны бестен аз болған және олардың барлығы – Франция азаматтары.

Ал Le Parisien дерегіне сүйенсек, Зинедин Зидан ұлттық құрамамен жұмыс істеу туралы ауызша келісімге келіп қойған.

Айта кетейік, Франция құрамасы алдағы әлем чемпионатында Сенегал және Норвегия құрамаларымен бір топқа түскен. Төртінші команда Ирак, Боливия немесе Суринам құрамаларының бірі болмақ.

Зинедин Зидан соңғы рет Реал Мадрид клубын 2021 жылға дейін жаттықтырды. Ол мадридтік клубпен бірге Испания чемпионатын, клубтар арасындағы әлем чемпионатын, УЕФА Суперкубогын және Чемпиондар лигасын бірнеше мәрте жеңіп алған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары