Malim.kz
Оқиға

Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жаңа қызметке тағайындалды

Айбын Атабай
Ашық дереккөз

Ғабидолла Әбдірахымов "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары болып қызметке орналасты. Бұл туралы компанияның баспасөз хабарламасында айтылған. 

Бірақ, ол "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқармасының құрамына кірмейді. 

"Ғабидолла Әбдірахымовтың экономикалық және басқарушылық білім бар. Оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша мемлекеттік әкімшілендіру магистрі дәрежесін иеленген. Президент әкімшілігінде, Үкіметте жоғары қызметтер атқарды", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Ғабидолла Әбдірахымов 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Кирово ауылында (қазіргі Түркістан облысы) туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдаған. Отбасылы, әйелі Данара Әбдірахымова. Әсел, Аделя, Алтынай есімді қыздары мен Әлихан есімді ұлы бар.

Еске салайық, Әбдірахымов 2018 жылдың маусымында Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған. Ол қаланы 2015 жылдың тамызы мен 2017 жылдың қазаны аралығында да басқарған. 2021 жылы қыркүйекте мәдениет және спорт вице-министрі қызметінен кеткен соң мемлекеттік қызмет атқарған жоқ.  

Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Лондонда жүріп түсірген видеосы қызу талқыға түскен болатын. 

"Лондон - әлем астанасы, оны дәлелдеудің қажеті жоқ, әрине. Бірақ мен Қазақстанды көбірек жақсы көремін. Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп, әлемге саяхат жасау керек. Нағыз бақыт осы секілді", - деген сөзі елдің есінде.

Осы видеодан кейін Әбдірахымов Шымкент әкімі лауазымынан босатылған еді. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары