Malim.kz
Денсаулық

Ғалымдар жүру жылдамдығы мен өмір сүру ұзақтығы арасында тікелей байланыс бар екенін анықтады

Айбын Атабай
depositphotos.com

Жүру жылдамдығы өмір сүру ұзақтығының нақты көрсеткіші бола алады. Жылдамырақ жүретін адамдарда ерте қайтыс болу қаупі төмен болады. Бұл туралы Ұлыбританиядағы Лестер университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелері Mayo Clinic Proceedings журналында жарияланған, деп хабарлайды Malim.kz Газета.Ru-ға сілтеме жасап.

Мамандар 407 мыңнан астам адамның деректерін талдады. Зерттеушілер физикалық жағдайдың бес қарапайым көрсеткішін салыстырды: жүру жылдамдығы, қол қысу күші, тыныш күйдегі жүрек соғу жиілігі, ұйқы ұзақтығы және күнделікті физикалық белсенділік деңгейі.

Нәтижесінде дәл күнделікті жүріс қарқыны ерте өлім қаупімен ең тығыз байланысты екені анықталды. Бұл көрсеткіш физикалық жағдайдың басқа қолжетімді маркерлеріне қарағанда денсаулықтың ұзақ мерзімді болжамымен анағұрлым күшті байланыс көрсетті.

Әсіресе бұл заңдылық созылмалы аурулары бар адамдарда айқын байқалған. Ғалымдар кейбір дәстүрлі медициналық көрсеткіштердің, мысалы, холестерин деңгейі немесе қан қысымының орнына жүру жылдамдығы туралы деректерді пайдаланғанда, қауіп-қатерді болжау дәлдігі артқаны белгілі болды. Бұл пациенттерді тәуекел деңгейіне қарай дәлірек топтастыруға мүмкіндік берген.

Зерттеу авторларының пікірінше, күнделікті серуендеу жылдамдығы денсаулық жағдайын бағалаудың қарапайым әрі қолжетімді құралы бола алады. Мұндай көрсеткіш күрделі талдауларды қажет етпейді және өмір салтын өзгертіп, аурулардың алдын алуға көбірек көңіл бөлуі қажет адамдарды ерте анықтауға көмектеседі.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары