Malim.kz
Шоу-бизнес

Гастрольден оралған Төреғали Төреәлінің отбасымен қауышқан сәті көпшілікті елжіретті

• Алуа Әшірбекова
Фото: ашық дереккөзден алынған

Танымал әнші Төреғали Төреәлі сапардан үйіне оралып, жары мен балаларымен қауышқан әсерлі сәтін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Отбасын сағынған өнер иесінің жақындарын құшақтап, балаларымен көріскен видеосы көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды Malim.kz.

Кадрлардан әншінің үйіне кіре салысымен балалары мен жарын құшақтап, сағынышын басқанын көруге болады. Төреғали Төреәлі де бұл сәттің өзі үшін ерекше екенін жазбасында жасырмаған.

"Өмірдегі ең үлкен байлығым – жанұям. Сапарға барып келгенше қатты сағынып қалады екенмін. Отан отбасынан басталады деген осы шығар", – деп жазды өнер иесі.

Қарапайым отбасылық көрініс желі қолданушыларының назарын аударды. Әсіресе ұзақ сапардан кейін әкесін күткен балалардың қуанышы мен отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жылылығы көпшілікті елжіретті.

Айта кетейік, Төреғали Төреәлі мен оның жары Толқын Тұрарбекқызы – көпбалалы ата-ана. 2026 жылғы 7 сәуірде олардың жетінші перзенті – қыз бала дүниеге келді. Бұл қуанышты жаңалықты әншінің продюсері де растаған.

Төреғали Төреәлі кім?

Төреғали Төреәлі – қазақстандық әнші, ақын әрі айтыс өнерінен шыққан эстрада өкілі. Ол 1992 жылғы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған. Өнер жолын айтыстан бастап, бірнеше студенттер айтысында жеңіске жеткен және республикалық айтыстарда жүлде алған. Кейін эстрадаға бет бұрып, қалың аудиторияға танылды.

Әншінің "Іздеме", "Қазақ қызға үйленем", "Алло", "Бол жанымда" секілді әндері тыңдарман арасында кеңінен танылған. Төреғали өзі де айтысты төл өнері санайтынын және өнердегі алғашқы қадамын осы бағыттан бастағанын бірнеше сұхбатында айтқан.

Жары кім, қанша баласы бар?

Төреғали Төреәлінің жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы. Ол Алматы облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған. Ерлі-зайыпты отбасылық өмірі мен бала тәрбиесіне қатысты сәттерін ара-тұра әлеуметтік желі арқылы бөлісіп отырады.

Қазір Төреғали мен Толқын жеті баланың ата-анасы. Олардың жетінші сәбиі 2026 жылдың сәуірінде өмірге келген.

Осы жолғы видеода да әншінің сахна мен сапардан тыс өмірінде отбасының орны ерекше екенін аңғаруға болады. Өнер иесінің балаларын құшақтап, жарына асыққан сәті оның "өмірдегі ең үлкен байлығым – жанұям" деген сөзін анық аңғартқандай.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары