Malim.kz
Спорт

Геннадий Головкин Михаил Шайдоровқа ең жоғары марапатты табыстады

• Алуа Әшірбекова
Михаил Шайдоров пен Геннадий Головкин. Фото: ҰОК баспасөз қызметі

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты арнайы орденмен марапаттады. Спортшы отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін ҰОК-тің ең жоғары наградасына ие болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Марапаттау рәсімі 25 қарашада Астанада өткен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Бас ассамблеясының жыл сайынғы отырысында ұйымдастырылды.

Жиында Геннадий Головкин халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен спорт саласының дамуына үлес қосқан мамандарға құрмет көрсетті. Салтанатты шарада Михаил Шайдоровқа Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің ордені табысталды.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстан спортында тарихи жетістікке қол жеткізген болатын. Ол – аталған спорт түрінен Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық спортшы.

Тағы кімдер марапат алды?

Бас ассамблея отырысында өзге де спортшылар мен спорт ұйымдарының өкілдері марапатталды.

Данияр Қасқарауов пен Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов "Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері" I дәрежелі құрмет белгісіне ие болды.

Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілдері Александр Уваров пен Алексей Чуркин, сондай-ақ таеквондодан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес II дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.

Осындай марапат Шымкент қаласының таеквондо федерациясының президенті Олжасхан Уәлиханға және Түркістан облыстық таеквондо федерациясының президенті Елдос Ахметовке де табысталды.

Сонымен қатар таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы Айым Серікбаева Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Құрмет грамотасын алды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары