Malim.kz
Оқиға

Германиялық тұрғын бір мекеменің алты қызметкерін атып өлтірді

Айбын Атабай
Pexels

Германияның солтүстігіндегі Штаде қаласындағы балалар мен жастарға арналған мекемеде 45 жастағы Германия азаматы, түрік текті ер адам оқ жаудырып, алты қызметкерді өлтірді, деп хабарлайды Malim.kz Dw.com-ға сілтеп. 

Полицияның мәліметінше, қылмыстың болжамды себебі – күдіктінің үш айлық қызына қатысты қамқоршылық құқығына байланысты туындаған дау. Күдікті ұсталды.

Қаза тапқандардың арасында төрт әйел мен екі ер адам бар. Олардың барлығы аталған мекеменің немесе кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі жергілікті басқарманың қызметкерлері болған.

Төменгі Саксония жерінің ішкі істер министрі Даниэла Беренс болған оқиғаны «саяси немесе экономикалық себептері жоқ, суыққанды зорлық-зомбылық әрекеті» деп атады.

Люнебург полициясының басшысы Катрин Шуольдің айтуынша, оқиға болған күні күдікті қызына қамқоршылық жасау мәселесіне арналған кеңеске шақырылған. Үш айлық сәби мен оның 34 жастағы анасы уақытша осы мекемеде тұрған. Шабуыл салдарынан олар зардап шеккен жоқ.

– Күдіктінің бүгін қаза тапқандардың көпшілігімен қызының болашақтағы қамқоршылығына қатысты кездесу өткізуі жоспарланған еді, – деп келтіреді AFP агенттігі Катрин Шуольдің сөзін.

Оқ атқаннан кейін күдікті 65 жастағы әйел басқарған автокөлікпен қашуға әрекет жасаған. Әйел оның туысы немесе танысы болуы мүмкін. Қуғыннан кейін екеуі де ұсталды. Тергеу аясында тағы бір адам қамауға алынған.

Катрин Шуольдің айтуынша, құқық қорғау органдары күдіктіден қауіп тууы мүмкін екенін бұрыннан білген. Алайда ол полицияның дерекқорында «аса зорлық-зомбылыққа бейім адам» ретінде тіркелмеген. Сондай-ақ оның қару ұстауға ресми рұқсаты болмаған.

Күдіктіні ресми түрде қамауға алу мәселесі бүгін қаралады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары