Саясаткер Болат Әбілов фейсуктегі жеке парақшасында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының өршу себебі, оны басу үшін кімдердің әскер кіргізгені туралы жазды , деп хабарлайды Malim.kz.
Ол 2000 жылдың қаңтар айында Швейцарияда Михаил Сергеевич Горбачевпен кездейсоқ кездесіп қалып, Желтоқсан оқиғалары туралы сұраған. Яғни, Алматыда болып жатқан жағдайлар оған қалай баяндалғанын және студенттердің наразылықтарын қатыгездікпен басу үшін әскер енгізу туралы шешімді кім қабылдағанын Горбачевтің өз аузынан естігенін айтады.
«Горбачев былай деп жауап берді:
«Жас жігіт, Булат, ол кезде бейнебайланыс деген болған жоқ. Оқиға орнындағы жағдайды жаңа келген адам - Колбин баяндап отырды. Бірақ ол нақты ештеңе айта алмады. Ал Назарбаев үнемі хабарласып тұрды: жағдай бақылаудан шығып бара жатқанын, жергілікті күштердің шамасы жетпей жатқанын айтып, әскер енгізуді талап етті. Біз әскер енгізуге мәжбүр болдық. Яғни бұл - сіздердің жергілікті басшылықтың өтініші еді, нақтырақ айтқанда, Колбин мен Назарбаев жеке өздері менен әскер енгізуді сұрады».
Бұл 2000 жылдың қаңтарында Швейцарияда өз құлағыммен естіген Михаил Сергеевич Горбачевтің сөздері,-деп жазды Болат Әбілов.