Plug and Play компаниясымен серіктестік орнату банкке әлем бойынша 100 мың стартапты біріктіретін жаһандық экожүйеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың технологиялары банк қызметтерін дамытуға, алаяқтықпен күресуге және суперапптың мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі.
Қазақстандағы ең ірі банк Halyk Bank пен Plug and Play компаниясы Алматы қаласында жасанды интеллект саласындағы бірлескен құзырет орталығын құру туралы келісімге келді. Бұл бастама банкке де, Кремний алқабында орналасқан компанияның жаһандық желісіне кіретін стартаптарға да жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Бұл серіктестік бізге әлемнің түкпір-түкпіріндегі стартаптардың озық технологиялық шешімдерін Қазақстанға жүйелі түрде тартуға және Plug and Play компаниясымен бірге Halyk тобының басым даму бағыттары бойынша ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Біз жекелеген пилоттық жобалармен ғана шектелмейміз», – деді Halyk басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Қошенов ынтымақтастыққа қатысты пікір білдіріп.
Plug and Play компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Саид Амидидің айтуынша, компанияның тәжірибесі ірі қаржы институттарында құзырет орталықтарын құру инновацияларды енгізуге тың мүмкіндік беретінін көрсетеді.
«Стартаптар өз шешімдерін ірі қаржы институтына, оның жеке және бизнес-клиенттеріне ұсынуға мүмкіндік алады. Ал банк өз саласының алдағы онжылдықтағы дамуын айқындайтын технологияларды алғашқылардың бірі болып бағалай алады», – деп атап өтті Саид Амиди.
Серіктестік қандай мүмкіндіктер береді?
Ынтымақтастық өзара байланысты екі бағыт бойынша дамиды.
Бірінші бағыт – жасанды интеллект саласындағы құзырет орталығын құру. Plug and Play компаниясының арнайы тобы Halyk банкінің ішінде жұмыс істеп, стартаптарды іздеу және бағалау, сондай-ақ банктің басым міндеттерін шешуге арналған пилоттық жобаларды іске қосумен айналысады.
Негізгі бағыттардың қатарында алаяқтық әрекеттерді анықтау, кредит беру жөніндегі шешімдерді қабылдау және операциялық процестерді автоматтандыру бар. Осылайша, банк әлем бойынша 100 мың стартапты біріктіретін жаһандық экожүйеге қол жеткізеді.
Жасанды интеллект саласындағы бірлескен құзырет орталығын құру Halyk пен Plug and Play арасындағы серіктестіктің келесі кезеңі болды. Биыл мамыр айының басында компаниялар стартаптар экожүйесін дамытуға, тәжірибе алмасуға және Орталық Азиядағы технологиялық жобалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.