Инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Malim.kz Kazinform.kz сайтына сілтеп.
— Өткен жылы негізгі экономикалық сын-қатер инфляция болды. Ұлттық банк Үкіметпен бірге инфляциялық үрдісті өзгертіп, бағаның өсуін баяулатуға қол жеткізді. Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін ақша-кредит саясатының шараларын, макропруденциялық құралдарды және басқа шаралар кешенін қолданды. Монетарлық шаралардың ықпалын күшейту үшін минималды талаптар тетігін жетілдіріп, алтын сатып алу операцияларын теңестіруді енгізді. Үйлестірілген іс-әрекеттердің нәтижесінде инфляция өткен жылғы қыркүйектегі 13 пайызға жуық көрсеткіштен биыл мамырда 10,4 пайызға дейін баяулады. Биыл біз инфляцияны 9-11 пайыз аралығында болжап отырмыз. Осыған байланысты біз 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18-ден 17 пайызға дейін төмендеттік, — деді Тимур Сүлейменов Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.
Дегенмен, ол инфляция әлі де екі таңбалы болғандықтан инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте екендігін баса айтты.
— Негізгі тәуекелдер — геосаяси тұрақсыздық пен азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі. Ішкі тәуекел факторлары — тұрғын-үй коммуналдық қызметтер тарифтері мен жанар-жағармай реформасының қайта басталуы және монетарлық базаның өсуі. Инфляцияны тұрақтандырудың маңызды факторы — фискалдық консолидация. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңгеге дейін шектеу — маңызды дезинфляциялық фактор. Енді республикалық бюджеттің консолидациясын іс жүзінде іске асырған жөн, — деді Ұлттық банк басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылы еліміздің алтын-валюта резервтері 42,8 пайызға өсті.