Бүгін Алматыдағы Махатма Ганди атындағы саябақта "әлеуметтік желілерді шектейтін" заң жобасына қарсы митинг өтті. Рұқсат етілген митингіге жүзге жуық адам жиналды.
Алғашқы болып сөз сөйлеген құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль кибербуллинг деген сылтаумен шын мәнінде құжат "интернеттегі ақпаратты бақылауды көздейтін” заң жобасына қарсылық білдіріп, әлі де толықтырулар керек екенін айтты, заң жобасының авторларынан әлі де болса “кибербуллинг” деген сөзге нақты анықтама беруін талап етті.
"Кибербуллинг мәселесін қолданушы құқықтарын шектемей-ақ, әртүрлі амалмен шешуге болады. Біз интернетті бақылауды доғаруды талап етеміз. Кибербуллинг анықталған жағдайда интернет-ресурстар мен контент авторларының мемлекеттік орган талаптарына қарсы шағым түсіруіне мүмкіндігі болуы керек", - деді Чернобиль.
Заңгер, азаматтық белсенді Әйгерім Құсайынқызы Батыс елдеріндегі кибербуллингпен күрес амалына тоқталып, әлеуметтік желіні бұғаттау туралы заң жобасының ҚР Заңына қайшы екенін атап өтті.
"Кибербуллинг - әлеуметтік желілерде сіздің қадір-қасиетіңізге, абыройыңызға нұқсан келтіретін зорлық-зомбылықтың бір түрі. «Бұл жағдайда ар-ожданымды мемлекет қалай қорғай алады, буллинг жасаушыға қатысты қандай жаза қолдану керек?» деген сұраққа «Интернетті блоктау арқылы» деп жауап береді. Әлемнің дамыған елдері кибербуллингпен жасанды интеллект арқылы, ақпараттық-құқықтық заңнама күреседі. Ал бізде ұсынылып отырған заң жобасы біздің Конституциямыздың 20-бабында көрсетілген Сөз бостандығы туралы заңғы қайшы", - дейді ол.
Митингіге аталмыш заң жобасына қарсылықтан бөлек, қаңтар қырғынында қуғынға ұшырап, қамауға алынғандарды босатуын талап ете келгендер де болды.