Бұрынғы министрдің ұлы кеште ішімдік құйып беруден бас тартқан әйелді атып өлтірген. Іс бірнеше жыл қаралып, алғашқы сот айыпталушыны ақтап жіберген. Алайда қоғамдық наразылықтан кейін жоғары сот бұл шешімнің күшін жойып, оған өмір бойына түрме жазасын тағайындаған, деп Malim.kz тілшісі NDTV басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл – 1999 жылы болған, әділдік іздеген отбасының ұзақ күресіне ұласқан оқиға.
Кеш аяқталарда келген қонақ
Қайғылы жағдай 1999 жылғы 29 сәуірден 30 сәуірге қараған түні мейрамханада болған. Сол кеште модель болып жұмыс істейтін әйел қонақтарға сусын ұсынып жүрген.
Түн ортасы ауып, бар жабылған кезде бір топ адам ішімдік сұраған. Әйел қызмет көрсету аяқталғанын айтып, олардың өтінішін орындамаған.
Осыдан кейін қонақтардың бірі қаруын шығарып, екі рет оқ атқан. Бір оқ төбеге тисе, екіншісі әйелге тиген. Кейін қылмыс жасаған адамның бұрынғы министрдің ұлы екені анықталған.
Куәлардың жауаптары өзгере бастаған
Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Күдікті бірнеше күннен соң сотқа өзі берілген.
Алайда іс қарала келе бірқатар куә бастапқы жауаптарынан айныған. Солардың бірі сотта негізгі айыпталушыны тани алмағанын айтқан. Бұл айыптау тарабының ұстанымына соққы болған.
Соған қарамастан, өзге куәлар сотта күдіктіні танып, сол түні мейрамханада болғанын растаған.
Жеті жылдан кейін ақтау үкімі шыққан
2006 жылғы ақпанда алғашқы сот негізгі айыпталушыны және іс бойынша жауапқа тартылған өзге адамдарды ақтаған. Бұған куәлардың жауаптарын өзгертуі мен айыптау дәлелдерінің жеткіліксіздігі әсер еткен.
Осы шешімнен кейін қылмыстық іс қайтадан қоғам назарын аударған. Әйелдің қаза тапқаны анық бола тұра, ешкімнің жазаланбауы жұрттың наразылығын күшейткен. Іс жоғары сотта қайта қаралған.
Ақталған адамға өмір бойына жаза тағайындалған
2006 жылғы желтоқсанда жоғары сот бұрынғы ақтау үкімін өзгерткен. Министрдің ұлы кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Онымен бірге сотталған тағы екі адам айғақтарды жоюға байланысты қылмыс үшін төрт жылға түрмеге қамалған.
2010 жылы жоғарғы сот негізгі айыпталушыға тағайындалған өмір бойғы жазаны күшінде қалдырған. Осылайша, алғашқы сотта ақталған азаматқа қатысты айыптау үкімі түпкілікті бекітілген.
Қызына әділдік орнағанын анасы көре алмаған
Марқұмның анасы 2000 жылы, іс әлі қаралып жатқан кезде қайтыс болған. Әкесі де 2006 жылы өмірден өткен.
Әпкесінің өліміне кінәлі адамды жазалату жолындағы күресті сіңлісі жалғастырған. Ал 2018 жылы ол сотталған азаматты кешіргенін, мерзімінен бұрын босатылуына қарсы болмайтынын мәлімдеген.
Өмір бойына сотталса да, кейін бостандыққа шыққан
2020 жылы бұрынғы министрдің ұлы мерзімінен бұрын босатылған. Шешім қабылдағанда оның түрмедегі тәртібі ескерілген. Сол кездегі мәлімет бойынша, ол қамауда жалпы шамамен 17 жыл өткізген.
Бостандыққа шыққанға дейін ол жеңілдетілген режимде жазасын өтеген: күндіз жұмысқа барып, кешке түрмеге оралып отырған.
Оның мерзімінен бұрын босатылуы ақталғанын білдірмейді. Әйелді өлтіргені үшін шығарылған айыптау үкімі өзгермеген.