Malim.kz
MALIMet

"Кәмпит алып беремін" деп ертіп кеткен: Алты жасында ұрланған бала ағасымен 73 жылдан кейін табысты

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Ағасымен саябақта ойнап жүрген алты жасар баланы бейтаныс әйел ертіп кеткен. Оны полиция мен әскерилер іздегенімен, сол кезде таба алмады. 73 жылдан кейін баланың тірі екені туыстарының бірі қызығушылық үшін тапсырған ДНҚ тестінің арқасында белгілі болды, деп Malim.kz тілшісі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ағасы саябақта не болғанын айтып берген

1951 жылғы 21 ақпанда ағайынды екі бала саябақта ойнап жүрген. Бір кезде басына орамал тартқан әйел кіші балаға жақындап, кәмпит алып беретінін айтқан. Алты жасар бала оған еріп кеткен. Тергеушілер ағасынан бірнеше рет жауап алған. Ол інісін әлгі әйел ертіп кеткенін әр жолы айтқан.

Сол кездегі газеттердің жазуынша, іздеуге полиция, әскерилер мен жағалау күзеті қатысқан. Маңайдағы су айдындарын да тексерген. Кейін белгілі болғандай, әйел баланы ұшақпен алысқа алып кеткен. Бала сол жақта бір ерлі-зайыптының қолында өсіп, олар оны өз ұлындай тәрбиелеген.

Анасы ұлының жоғалғаны туралы газет қиындысын әмиянында сақтап, суретін үйдің қонақ бөлмесіне іліп қойған. Ол баласының тірі екенінен үмітін үзбеген. Алайда ұлымен қайта көрісе алмай, 2005 жылы дүниеден өтті.

ДНҚ тестіндегі 22 пайыздық сәйкестік

2020 жылы жоғалған баланың жиені қызығушылық үшін ДНҚ тестін тапсырған. Нәтижеде бейтаныс ер адаммен 22 пайыздық сәйкестік шыққан. Әйел оған хабарласқанымен, жауап алмаған. Ол кезде әлгі адамның бала күнінде жоғалып кеткен нағашысы болуы мүмкін екенін бірден аңғармаған.

Төрт жылдан кейін әйел бұл дерекке қайта оралды. Қызының көмегімен ер адамның суреттерін тапты. Содан соң мұрағаттағы газеттерден нағашысының жоғалғаны туралы мақалаларды қарап, қолындағы деректерді полицияға тапсырды. Тергеушілер ер адамды тауып, ДНҚ сараптамасы арқылы оның 1951 жылы жоғалған бала екенін растады. Бұл хабарды отбасы 2024 жылғы 20 маусымда естіген. Ол осы аралықта отбасын құрып, немере сүйген. Өрт сөндіруші болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

Ағасы екеуі екі рет кездесті

2024 жылғы 25 маусымда ер адам бала кезінде саябақта бірге ойнаған ағасының үйіне барды. Жиенінің айтуынша, ағайындылар көріскенде ұзақ құшақтасып тұрып, кейін отырып әңгімелескен. Шілдеде ол ағасына тағы барды. Бұл олардың соңғы кездесуі болды. Ағасы сол жылдың тамызында қайтыс болды.

Ер адам табылған соң полиция оны іздестіру ісін жапты. 2024 жылы оқиға туралы хабар тараған кезде, баланы ұрлау дерегі бойынша тергеу әлі жалғасып жатқан еді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары