Америкалық рэпер Ye (бұрынғы Канье Уэст) Қазақстандағы алғашқы концертін 2026 жылғы 14 тамызда Алматының Орталық стадионында өткізеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Концертке қызығушылықтың жоғары болуына байланысты билет сатылымы жоспарланған мерзімнен бір күн бұрын басталып кетті. Алдын ала тіркелген мыңдаған жанкүйердің сұранысы күткеннен әлдеқайда жоғары болғаны айтылды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сатылымның алғашқы күнінде-ақ билеттердің едәуір бөлігі өтіп кеткен. Алыпсатарлықтың алдын алу үшін бір адамға төрт билеттен артық сатып алуға шектеу қойылған. Сондай-ақ электронды билеттердегі QR-кодтар концерт қарсаңында ғана жіберіледі. Бұл қауіпсіздік шараларының бірі ретінде түсіндірілді.
Ye-нің Алматыдағы концерті Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең ауқымды музыкалық шаралардың бірі болмақ. Әлемге әйгілі орындаушының келуі тек қазақстандықтардың ғана емес, көрші елдердегі жанкүйерлердің де қызығушылығын тудырып отыр. Осыған байланысты қонақүй, әуе тасымалы және қызмет көрсету салаларында сұраныстың артуы мүмкін деген болжам бар.
Концерттің сәтті өтуі Қазақстанның халықаралық гастрольдік турлар картасындағы орнын нығайтуы ықтимал. Егер жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылса, алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі өзге де әртістердің Қазақстанда өнер көрсетуіне жол ашуы мүмкін.