Malim.kz
Спорт

Канье Уэстің концертіне байланысты «Қайрат» Алматыдан көшеді

Арман Қайыпхан
Фото: Getty Images

Алматылық «Қайрат» футбол клубы еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында өтуі мүмкін матчты Алматыда емес, Түркістанда өткізеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Клубтың мәліметінше, бұған 14 тамызда Алматының Орталық стадионында америкалық рэпер Канье Уэстің концерті жоспарланғаны себеп болған. Концерттің өткізілу мерзімі «Қайраттың» еурокубоктағы ықтимал үй матчымен тұспа-тұс келгендіктен, стадион футбол кездесуін қабылдай алмайды.

Осыған байланысты «Қайрат» УЕФА-ға матч өтетін орынды өзгерту туралы өтініш жолдаған. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы бұл өтінішті мақұлдап, кездесуді Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында өткізуге келісім берген.

Егер алматылық клуб үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алса, матч дәл осы стадионда өтеді. Кездесудің нақты күні мен басталу уақыты, сондай-ақ билет сату туралы ақпарат команданың еурокубоктағы келесі қарсыласы анықталғаннан кейін жарияланады.

Еске салайық, Канье Уэстің Алматыдағы концерті 14 тамызға жоспарланған. Бұған дейін «Қайрат» концерттің ықтимал еурокубок матчтарының күнтізбесімен сәйкес келуіне байланысты балама стадион іздеуге мәжбүр болғанын хабарлаған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары