Malim.kz
Оқиға

Кәсіби мерекеде қызылордалық БАҚ қызметкерлері баспаналы болды

Айбын Атабай
Қызылорда облысы әкімдігі

Бүгін «Өнер орталығында» 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2026» салтанатты шарасы өтті.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа шынайы жеткізудегі  еңбектерін жоғары бағалады.

«Бүгін – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет істейтін шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың жарыққа шығуына еңбек сіңіретін мамандардың мерейлі күні.
Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады.
«Qyzylorda» телеарнасының ардагері Қарабала Жағыппар Аманжолұлы «Парасат» орденімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасына берілген жоғары баға.
Мемлекет басшысы: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деп ерекше атап өтті.  
Ұлттық журналистика тарихында Сыр өңірінің айрықша орны бар. Ғасырлық белесіне жақындаған басылымдар мен тәуелсіздік жылдарында шыққан газеттер – аймақтың сыр-шежіре сандығы. Облыстың тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани жаңғыруының айқын дереккөзі.
Биыл аймағымыздың жетекші арнасы – «Qyzylorda» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Телеарна өңіріміздегі оқиғалар мен ақпараттарды жылдам таратып, ел өміріндегі саяси маңызды жаңалықтардың жаршысы болып келеді.
Отыз жылға жуық көрермен көзайымына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасының да ақпараттық саясаттағы орны ерекше. Аймақ телевизиясының бүгінгі биігі – өткен мен бүгінді жалғаған ардагерлер еңбегінің жемісі. Ақпарат айдынында өз қолтаңбасын қалдырған майталман мамандардың табандылығы мен қажырлы еңбегі тележурналистика тарихында лайықты ізін қалдырды.
Бүгінде тағылымды жолдан өтіп, ұстаздарының өнегесін жалғаған мамандар елімізге белгілі ірі медиахолдингтерде, телеарналарда еңбек етіп, Сыр журналистикасы мектебінің мерейін үстем етуде.
Тәуелсіздік шежіресін, Сыр өңірінің жылнамасын, қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Кеше Ақорда төрінде өткен рәсімде Мемлекет басшысы журналистерді қолдауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілетінін айтқан еді. Кейінгі үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болса, енді бұл бастаманың ауқымы кеңейді. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер кілті берілді.
Біздің аймақта «Сыр медиа» серіктестігі директорының орынбасары Әзиз Батырбековке және «Qyzylorda» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбекке пәтер кілттері табысталды.

​Салтанатты рәсімде ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан қалам иелері «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының, Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен және түрлі номинациялармен марапатталды.
 
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары