Malim.kz
Құқық

Кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалаған блогер 6 жылға сотталды

Айбын Атабай
Видеодан скрин

Шымкентте кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалаған блогер Рүстем Әшетаев 6 жылға сотталды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде жарияланымдармен қорқытып, ақша бопсалаған блогер Рүстем Әшетаевқа қатысты үкім шықты. Сот оны ҚК 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы "Ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында бопсалау" бойынша кінәлі деп таныды.

2025 жылдың маусым айында өзін патриот, қоғам белсендісі және блогер ретінде таныстырған Рүстем Әшетаев Арыс ауданында орналасқан "Сейітбек әулеті" ЖШС иесін абыройыңа нұқсан келтіретін ақпаратты әлеуметтік желіде жариялаймын деп қорқытқан. 

Бұл компания ауыл шаруашылығы және дәрілік өсімдіктерді өсірумен, жинаумен, сатумен және экспорттаумен айналысқан. Кәсіпкер 350 гектар жерге сасыр өсірген және көрші елден жұмысшылар әкеліп, олардың барлық құжаттарын рәсімдеп, квотасын төлеген. Алайда Әшетаев әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіпкердің әрекетіне күмән келтіретін жазбалар жариялаған.

Сонымен қатар, сот мәліметінше, блогер егістікте жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарын видеоға түсіріп, олар туралы материалдар таратқан. Жәбірленуші кәсіпкер блогер Рүстем Әшетаевпен жеке кездесіп, компанияның, жердің және шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты барлық рұқсат құжаттарын көрсеткен. Бірақ бұл блогерді тоқтатпаған. Екі ай ішінде ол компания туралы 9 жазба жариялап, көші-қон қызметіне кәсіпорынның заңсыз әрекеттері туралы бірнеше рет шағым түсірген. Сонымен қатар, Әшетаев өзін Шымкент қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде таныстырған, алайда ол 2025 жылдың сәуірінде жаңа құрам жасақталғанда бұл кеңестен шығарылған.

Кәсіпкер әлеуметтік желідегі жазбалардан шаршап, жағдайды 2000 АҚШ долларына реттеуді ұсынған. Алайда Рүстем Әшетаев бұл соманы аз деп санап, компанияның жұмысына кедергі келтірмеу үшін 5 миллион теңге талап еткен.

"Егер талап орындалмаса, Әшетаев әлеуметтік желілерде компания қызметіне қатысты қоғамдық резонанс тудырып, мемлекет берген рұқсат құжаттарының күшін жоюға ықпал ететінін, сондай-ақ компанияда жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматтарын Қазақстан аумағынан шығаруға қол жеткізетінін айтқан", — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Жәбірленуші компаниясының болашағына алаңдап, талаптармен келіскен. Алдымен 500 000 теңге және 900 доллар берген, кейін 12 тамыз күні сағат 22:30-да "Family Garden" мейрамханасында қалған соманы беру кезінде блогер ұсталған. Сол сәтте оған 6900 доллар табысталған.

Прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

“Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұраған. Алайда сот жәбірленушінің, куәлардың айғақтарын, сот сараптамасының қорытындысын және іс материалдарын негізге алып, Ашетаевтың кінәсі толық дәлелденген деп таныды. Сот үкімімен оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тараптардың үкімге апелляциялық шағым беру құқығы бар”,  – делінген ақпаратта. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары