Malim.kz
MALIMet

Кеңес заманында "Волга" сатып алу үшін қанша жыл жұмыс істеу керек еді?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

1970 жылдардың басында жаңа "Волга" сатып алу үшін орташа жалақыны түгел жинағанның өзінде алты жылдан астам уақыт қажет болған. Ал күнделікті шығындарды ескергенде, бұл мерзім әлдеқайда ұзарады. Malim.kz тілшісі "За рулем" басылымындағы баға деректері мен КСРО-ның статистикалық жинағындағы жалақы көрсеткіштерін салыстырып, шартты есеп жасады.

Кеңес Одағында "Волга" қанша тұрды?

Кеңес заманындағы көліктердің ішінде "Волганың" орны бөлек еді. Әсіресе ГАЗ-24 көпшілік қол жеткізгісі келетін, бірақ сатып алу оңайға соқпайтын автомобиль болды.

"За рулем" басылымының тарихи шолуында 1970 жылдардың басында ГАЗ-24 бағасы шамамен 9 мың рубльболғаны көрсетілген. Салыстыру үшін, өндірістен шығар алдындағы ГАЗ-21 шамамен 5,5 мың рубль тұрған. Демек, "Волганың" бағасы оның үлгісі мен сатылған кезеңіне қарай өзгерген.

Сондықтан бүкіл кеңес дәуіріне ортақ бір баға айту дұрыс емес. Есеп үшін жаңа ГАЗ-24 жаппай шығарыла бастаған 1970 жылдар басындағы жағдайды алайық.

"Волга" алу үшін неше айлық қажет болды?

"Народное хозяйство СССР за 70 лет" статистикалық жинағына сәйкес, 1970 жылы КСРО-дағы жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық жалақысы 122 рубль болған. Бұл әр адамның нақты табысы емес, жалпы орташа көрсеткіш.

Көліктің шамамен 9 мың рубльдік бағасын осы жалақыға бөлсек:

9 000 ÷ 122 ≈ 74 ай.

Яғни жаңа "Волга" шамамен 6 жыл 2 айлық жалақыға тең болған.

Алайда мұнда тамаққа, киімге, тұрғын үй төлемдеріне және басқа қажеттілікке жұмсалатын ақша есептелмеген. Бұл – көлік бағасының қанша айлыққа тең екенін көрсететін шартты салыстыру.

Айлықтың бір бөлігін жинаса, қанша жыл кетер еді?

Адам жалақысын түгел жинай алмайды. Сондықтан сол баға мен табысты өзгеріссіз қалдырып, бірнеше шартты жағдайды салыстырайық.

Бұл кесте – математикалық есеп, сол кездегі адамдардың нақты қанша жыл жинағанын көрсететін статистика емес. Өмірде жалақы да, көліктің бағасы да өзгерген. Бір отбасында екі адам жұмыс істесе, енді бірінде қосымша табыс немесе бұрыннан жиналған қаражат болған.

Қазақстандағы жалақымен есептесек ше?

Сол статистикалық жинақта Қазақ КСР-індегі жұмысшылар мен қызметшілердің 1970 жылғы орташа айлығы 123,7 рубль деп көрсетілген.

Осы соманы негізге алсақ, 9 мың рубльдік көлік шамамен 73 айлыққа, яғни алты жылдан сәл астам табысқа тең келеді. Бұл да күнделікті шығындар шегерілмеген есеп.

Ақшасы бар адам "Волганы" бірден сатып ала алды ма?

Кеңес дәуірінде қаражат жинау мәселенің бір бөлігі ғана болған. Автомобиль тапшы болғандықтан, сатып алушы кезекке тұруға мәжбүр еді.

"За рулем" басылымындағы естелікте кәсіпорындарға шектеулі мөлшерде көлік бөлінгені, ал үміткерлердің саны одан әлдеқайда көп болғаны баяндалады. Кезек күту мерзімі жұмыс орны мен жағдайға қарай жарты жылға, бір жылға немесе бірнеше жылға созылуы мүмкін еді.

Демек, "Волгаға" жету үшін жиналған ақшаға қоса, оны сатып алу мүмкіндігі де керек болған. 1970 жылдар басындағы бағамен қарасақ, жаңа ГАЗ-24 шамамен алты жылдық толық жалақыға тең еді. Ал табыстың жартысын ғана жинаған адамға, баға мен айлық өзгермейді деген шартпен, он екі жылдан астам уақыт қажет болар еді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары