Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова отбасы туралы көпшілік арасында қалыптасқан түсінікке қатысты пікір білдірді. Өнер иесі Instagram парақшасында бейнежазба жариялап, жақында келін түсіргеніне байланысты қызықты жайтты баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің айтуынша, әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі оның отбасындағы қуанышты жаңалықты басқаша түсінген.
"Мен үш ұлдың анасы екенімді көпшілік білмейді екен. Көбісі Сараны менің қызым деп санады. Шахриярға мен қызымды ұзатып жатырмын деп түсінген екен. Жоқ, мен шынында да кезінде қызды қатты армандадым. Енді, Аллаға шүкір, осы үш ұлдан үш келінім қызымдай болып келеді деген үміттемін. Менің ойымша, Саражан біздің отбасымызға балдай батып, судай сіңеді", – деді Толқын Забирова.
Өнер иесі бейнежазбада бала тәрбиесіне қатысты жиі қойылатын сұраққа да тоқталды. Ол қыз тәрбиесі жөнінде жеке тәжірибесі болмағандықтан, ұл мен қыз тәрбиесін салыстыра алмайтынын жеткізді.
"Көбісі маған "Ұлдарды тәрбиелеу қиын ба, әлде қыздарды тәрбиелеу қиын ба?" деген сұрақ қояды. Мен бұл сұраққа жүз пайыз жауап бере алмаймын. Өйткені біздің отбасымызда қыздар жоқ. Ұлдарды тәрбиелеу үшін, менің ойымша, міндетті түрде әкелері алдарында үлгі болып тұруы керек. Ең бастысы, тәрбиеге келетін болсақ, үйдегі әкесі мен шешесінің арасындағы қарым-қатынастың үлгісі оларға үлкен әсер етеді деп ойлаймын", – деді әнші.
Толқын Забирова кім?
Толқын Забирова – қазақстандық опера және эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор. Ол 1970 жылы 17 қазанда бұрынғы Семей облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Қазақ эстрадасында академиялық вокал мен опералық орындау мәнерін кеңінен насихаттаған өнер иелерінің бірі.
Әнші бала кезінен музыкаға қызығып, 1979 жылы Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебіне оқуға түскен. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың сыныбында білім алып, 1993 жылы оқу орнын үздік тәмамдаған. Еңбек жолын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жалғастырды.
Толқын Забирова 1996 жылы Калининградта өткен "Янтарный соловей" байқауының, 1998 жылы "Әлібек Дінішев театры" халықаралық байқауының лауреаты атанған. Шығармашылық жолында бірнеше концерттік бағдарлама ұсынып, музыкалық бейнебаяндар түсірді. 2010 жылы әншілік дауысты қалыптастыру мәселесіне арналған кандидаттық диссертациясын қорғап, кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында эстрадалық вокалдан сабақ берді.
2025 жылы өнердегі 35 жылдығына орай Алматы мен Астанада "Өмірге ғашықпын" атты шығармашылық концерттерін өткізді. Әнші 2008 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алып, 2024 жылы "Парасат" орденімен марапатталды.
Өнер иесінің жұбайы – продюсер Сафар Бабаев. Ерлі-зайыптылар Шахрияр, Диар және Санжар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірген.