Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік мүйіздерін өткізуге қатысты жаңа қағидаларды бекітті. Құжат 2026 жылғы 4 тамыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Дериваттар (киік мүйіздері мен олардан жасалған өнімдер) мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында электрондық сауда арқылы сатылатын болады. Аукциондар тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Жеңімпаз болып ең жоғары баға ұсынған қатысушы танылады.
Сатып алушылар ретінде тек арнайы лицензиялары және халықаралық стандарттарға сәйкес сертификаттары бар фармацевтикалық компаниялар ғана қатыса алады.
Дериваттарды Қазақстан аумағында сатуға қатаң тыйым салынады. Сауда жеңімпазы мүйіздерді өз күшімен экспортқа шығаруға және өнімнің цифрлық қадағалануын қамтамасыз етуге міндетті.