Malim.kz
MALIMet

Кілемге неге мұз қояды: Үй жинағанда көмектесетін қарапайым тәсіл

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Диванды немесе үстелді жылжытқанда кілемде аяқтарының ойық ізі қалады. Беті таза болғанымен, басылып қалған түгі көзге бірден түседі. Оны көтеруге кәдімгі мұз көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

Ауыр жиһаз ұзақ уақыт бір орында тұрса, астындағы кілемнің түгі жапырылып қалады. Мұндай ізді шаңсорғышпен бір жүргізіп кетіру қиын. ServiceMaster Clean тазалау мамандары ойыққа мұз қойып, ерігеннен кейін түкті қасықпен немесе саусақпен жайлап көтеруді ұсынады.

Мұзды қалай қолданады?

Алдымен кілемнің күтім жапсырмасын қараңыз. Сумен тазалауға болатын кілем болса, тәсілді көзге түспейтін шағын тұсында байқап көріңіз.

Ойықтың үстіне бір кішкентай мұз текшесін қойып, ерігенін күтіңіз. Бірден бірнешеуін үйіп тастаудың қажеті жоқ: кілемді малмандай сулау мақсат емес.

Мұз еріген соң артық ылғалды таза, ақ сүлгімен басып сіңіріңіз. Қатты ысқыламаңыз. Кейін қасықтың жиегімен басылып қалған түктерді іліп алмай, жайлап көтеріңіз. Ойыққа мұз қойып, ылғалды сіңіргеннен кейін түкті көтеру тәсілін Wickes нұсқаулығы да ұсынады.

Нәтиже бірден байқала ма?

Ол кілемнің материалына, жиһаздың салмағына және қанша уақыт тұрғанына байланысты. Жеңіл із жұмсаруы мүмкін, ал жылдар бойы басылған жер толық қалпына келмеуі ықтимал.

Кілем кепкенше сол жерге жиһазды қайта қоймаңыз. Түгі көтерілмеді екен деп қатты тарау немесе өткір затпен шұқу оны зақымдауы мүмкін.

Қай кілемге қолданбаған дұрыс?

Күтім жапсырмасында сумен тазалауға тыйым салынса, бұл тәсілді қолданбаңыз. Қолдан тоқылған, бояуы шығатын немесе ерекше күтімді қажет ететін кілемге алдымен маманнан кеңес алған жөн. Астында ағаш еден болса, ылғалдың төменге өтпеуін де қадағалаңыз.

Мұздың міндеті – кірді кетіру емес, басылған түкті көтеруге көмектесу. Сондықтан бұл тәсілді дақ тазалаумен шатастырмаған дұрыс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары