Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде өзі мен Олжас Абай туралы видео түсірген адамға жауап берді. Әдетте мұндай пікірлерге мән бермейтінін айтқан актриса бұл жолы видео авторының сөзі шамына тигенін жасырмады, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Әлеуметтік желі қолданушысы бейнежазбада "Ошоу мен Дариға боқ сасиды" деп айтқан. Бадықова осы сөзге жауап бергенімен, жазбасында видео авторының есімін атамады.
Актрисаның айтуынша, қазір ол киносына байланысты қалаларды аралап жүр. Жұмысы тығыз болса да, бұл жолғы сөзге үнсіз қалмауды жөн көрген. Ол видео авторынан мұндай сөзді жұрттың назарын аудару үшін айтты ма деп сұрады.
"Қазір қалаларды аралап, қолым тимей жатыр. Сен сияқтылардың талайын көріп, көңілге алмаушы едім, ал мынауың шамыма тиді. Бізді төмендетіп, өзіңе хайп жасағың келді ме?" – деп жазды актриса.
Бадықова киноға қатысты жұмысы аяқталған соң бұл әңгімеге қайта оралатынын аңғартты. Ал әзірге ол оқырмандарынан пікір сұрап, екі тараптың әрекетіне көрерменнің өзі баға беруін ұсынды.
"Кино бітсін, ісім сенімен болсын. Оған дейін сіздер не дейсіздер? Біздің не істеп жатқанымызды, сенің не істеп жүргеніңді көрермен айтсын!" – деді Дариға Бадықова.
Айта кетейік, бұған дейін Олжас Абай Аман Тасығанның TALK LIKE подкастында кейінгі кезде өзге продюсерлердің фильмдерінен неге көрінбей кеткенін түсіндірген еді. Ол сұхбатта Дариға Бадықовамен шығармашылық жұмысына қатысты қандай келісімге келгенін де айтқан. Бұл туралы Malim.kz 6 қарашада жазған болатын.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Болатқызы Бадықова – театр және кино актрисасы, кинопродюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында музыкалық драма және режиссура мамандығы бойынша білім алған.
Көпшілік Бадықованы "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы таныды. Ауылдағы бір отбасының тұрмысын әзілмен суреттейтін телехикаяда ол басты кейіпкерлердің бірін сомдады. Кейін осы жобаның негізінде түсірілген толықметражды фильмдерге де қатысты. Кинодағы өзге рөлдерінің бірі – "Қазақша бизнес" фильмдеріндегі Мақпал.
2023 жылы Бадықова өзінің алғашқы толықметражды жобасы "Таптым-ау сені" комедиясын продюсер ретінде қолға алды. Фильмде ол Сәулені, ал Олжас Абай Жексенді ойнады. Кейін Бадықова осы туындыны әкесі мен ұстазы Болат Атабаевтың рухына арнағанын айтты. 2024 жылы фильмнің екінші бөлімі жарық көрді. Бадықова мен Абай оған енген "Өзің барда" әнін бірге орындады.